Алматыда Байтұрсынұлының музей үйі күрделі жөндеуден кейін ашылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі реэкспозициядан кейін ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл ұлт ұстазы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-реформатор - Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды. Алматы қаласы мәдениет басқармасының қолдауымен Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп, экспозициясы жаңартылды», - делінген «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК таратқан хабарламада.

ХХ ғасырдың ұлы реформаторы, қоғам және мемлекет қайраткері, лингвист-ғалым, қазақ филология ғылымының негізін қалаушы, ақын-аудармашы, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі 1993 жылы ашылған. Музей-үйдің жанындағы Байтұрсынұлының бюсті 1998 жылы орнатылған.

«Алматы қаласы әкімінің 2021 жылғы 13 қазандағы №4/508 қаулысымен музей-үй жекеменшіктен Алматы қаласының коммуналдық меншігіне берілді. Жаңарған музей-үй 3 экспозициялық және бір дәріс залынан тұрады. Қазіргі уақытта музейде ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған. Бұл – мемлекеттік архивтен алынған түпнұсқа құжаттар, жеке және ұжымдық фотосуреттер»,- делінген хабарламада.

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК мәліметінше, музей заманауи технологиялармен жабдықталып, жаңа мазмұнмен толтырылып, жаңа сипат алды.

Арнайы сенсорлы тақталарда музей-үйдің құрылу тарихы, архив материалдары, фотосуреттер және реформатордың өмірі мен шығармашылық жолы туралы мол мағлұмат беретін құнды мәліметтер бар.

Айта кетейік, бүгін Президент Алматыда Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты.

Бұған дейін Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шыққан болатын.


Соңғы жаңалықтар