Алматыда бауырының 75% зақымданған әйелге сәтті ота жасалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда паразит салдарынан бауырының 75%-ы зақымданған әйелге ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

50 жастағы пациент №7 қалалық клиникалық ауруханаға жоспарлы түрде келіп түскен.

Оған паразит салдарынан болатын ауыр дерт – бауыр альвеококкозы диагнозы бойынша шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылданды.

Күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде жасалды.

Клиниканың баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, пациент осыдан біраз бұрын оң жақ бүйірі ауырлап, ішінің формасы бұзылып, бұлтиғанын байқаған.

Айтуынша, осы уақытқа дейін аурудың басқа белгілері білінбеген.

Ультрадыбыстық зерттеуден кейін әйелдің оң жақ қабырғасының астында үлкен ісік пайда болып, бауырдың алға қарай жылжып кеткені белгілі болды.

Бұл дертті емдеудің бірден-бір тәсілі – бауырдың бір бөлігін кесіп алып тастау. Оны қан тамыры хирургиясын жақсы білетін тәжірибелі гепатохирургтар ғана жасай алады.

Себебі, ота барысында бауырдың зақымданған бөлігін алып қана қоймай, өттің жұмысын реттеу қажет.

Сондықтан мұндай күрделі операциялар ірі мультидисциплинарлық, жоғары мамандандырылған, заманауи технологиялармен жабдықталған клиникаларда ғана жасалады.

№7 аурухананың гепатопанкреатобилиарлы хирургия бөлімі дәрігерлері күрделі ота жасап, нәтижесінде салмағы 3,5 келіге жеткен алып альвеококкоз құртын алып тастады.

Бауырдың едәуір бөлігінің зақымдануы мен пациенттің В гепатитімен ауыратыны жағдайды қиындата түсті.

Хирург мамандар лапаротомия, оң жақ гемигепатэктомия жасап, бауырдың зақымданған 75% бөлігін алып тастауға мәжбүр болды.

Он сағатқа созылған отаны профессор Муса Сахипов, көмекшісі Аңсат Таубалдиев, Нүркен Желдібаев, анестизиолог Марат Лекеровтен құралған кәсіби мамандар тобы жасап шықты.

Дәрігерлер қан кету қаупінің алдын алып, нәтижесінде қосымша қан құю қажеттігін жойды.

Пациент қазір ауруханадан шығып, қалыпты өмірге оралды.

«№7 аурухана дәрігерлерінің біліктілігі мен шеберлігі алдында басымды иемін. Әсіресе, мені аман алып қалған дәрігерлерге, анестизиологқа, профессор Муса Сахиповқа алғысым шексіз. Алла разы болсын! Ауыр дерттен арылдым. Баршаңызға уақтылы қаралып, денсаулықты күтуге кеңес берер едім», - деді ол.

Айта кетсек, самандар дерегі бойынша альвеококкоз жұққан күннен бастап 10 жылға дейін ешбір клиникалық белгі бермеуі мүмкін.

Себебі, бауырға жабысқан құрт өте баяу өседі.

Альвеококкоз – жалпақ құрт (Echinococcus multilocularis) жұмыртқасының адам ағзасына түсуінен пайда болатын паразитарлық ауру.

Құрт ағзаға жуылмаған жеміс-жидек, лас су мен балық, үй жануарлары арқылы түсуі мүмкін.

Альвеококкоз салдарынан адамның маңызды органдары, соның ішініде басы мен өкпесі зақымданып, мүгедек болып қалуы мүмкін.

Құрт ағзаның кез-келген бөлігінде кездесуі мүмкін, көбіне ол бауырға жабысады.


Соңғы жаңалықтар