Алматыда баукеспенің «жолын байлаған» азаматтар марапатталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жанармай құю бекетіне шабуыл жасаған қарақшыны қызметкерлер қамап тастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Жетісу аудандық ІІБ кезекші бөліміне түнгі сағат 2-лер шамасында жанармай құю бекетіне шабуыл жасалғаны туралы хабар түскен. 

«26 жастағы Ж. есімді азамат - Алматы облысының тумасы. Ол алдымен жанармай құю бекетін сатып алушы ретінде барлап шыққан. Сәлден соң медициналық маска киіп, қолына пышақ ұстап, кіріп келген. Кейінірек күдікті пышақты кәуапшыдан ұрлап алғанын айтты. Қарақшыны көрген кассирлер дүкенді тастап, қызметтік есіктен шығып, оны кілттеп кеткен. Далада жүрген май құюшы жағдайды бірден байқап, әлгіні сыртынан бекітіп, ғимаратқа қамап тастаған. Ізінше сақшыларға хабарласқан. Жол-патруль полиция экипажы оқиға болған жерге дереу жетіп, қылмыскерді құрықтады»,-деді Жетісу ауданы ІІБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Дархан Мұсанов.

Күдікті бұған дейін бірнеше рет мүлік ұрлығы үшін жазаға тартылған. Бұл жолы да қылмысын толықтай мойнына алды. ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Полиция «Қамауда ұстау» шарасын белгілеген. 

«Департамент басшылары аталған жанармай бекеті қызметкерлерін тапқырлық көрсетіп, шапшаң әрекет еткені үшін марапаттау жағын ойластырып жатыр. Қызметкерлер жеке басы мен айналасына туған қауіпті сейілтіп, баукеспенің жолын байлады. Бұл - құрметке ғана емес, мадақтауға лайық іс»,-деді полковник Мұсанов.

Соңғы жаңалықтар