Алматыда Батырхан Шүкенов атындағы музыкалық байқау өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Батырхан Шүкенов атындағы алғашқы музыка байқауы Алматыда өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда алғаш рет Батырхан Шүкенов атындағы республикалық музыка байқауы өтеді. Байқау 26-30 қараша күндері сыбызғы, гобой, кларнет, фагот және саксофон бағыттарында өтеді. Оны Батырхан Шүкенов атындағы Қор Болат Өтемұратов қорының қолдауымен ұйымдастырып жатыр.

Жеңімпаздардың есімі 30 қарашада белгілі болады. Әрбір аталымда 1, 2 және 3-орындарды иеленген өнерпаздарға сыйлықтар, дипломдар және қатысушы дипломы беріліп, «Үздік концертмейстер» анықталады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 5 млн теңгеден асады.

Қазылар алқасының құрамы: «Жаңа Еуропа» оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Николас Краузе (Франция), саксофоншы әрі композитор Кристиан Элин (Германия), флейташы, П.И. Чайковский атындағы Үлкен симфониялық оркестрдің солисі Николай Попов (Россия), Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының үрмелі аспаптар оркестрінің бас дирижері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әкім Мұхатжанов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының гобой сыныбының профессоры Таңатар Нұралы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының кларнет сыныбының профессоры Жанат Ерманов.

Музыканттарды іріктеу онлайн жүргізілді. Оған 43 адам өтініш тапсырып, екінші турға 28 қатысушы қабылданды.

Байқау төрт күнге созылады. Байқаудан тыс, бағдарламада концерттік ашылу және жабылу салтанаттары да бар. 27-28 күндері екінші турда қатысушылар соло және ансамбль құрамында (квартет/квинтет) өнер көрсетеді. Бұл кезеңнің міндетті шарттарының бірі - қазақстандық композитордың шығармасын орындау.

Финалда қатысушылар «Қазақстан камератасы» және Николас Краузе сүйемелдеуімен Моцарт немесе Глазунов концертін ойнайды. 

Соңғы жаңалықтар