Алматыда баспанаға кезекте тұрғандарға арналған операциялық зал ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда "Нұр Отан" партиясысының филиалында өткен баспасөз мәслихаты барысында жергілікті әкімдікте кезекте тұрған әлеуметтік топтарға арналған операциялық залдың ашылатындығы мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Өскенбаев айтты.

«Әлеуметтік баспанаға кезекке тұруды электронды форматқа көшіргелі бері тұрғындар арасында сауалдар көп туындап жатыр. Сондықтан, олардың сұрақтарына жауап беру үшін Алматыда айдың соңында операциялық зал ашылады. Онда Тұрғын үй басқармасының мамандар кеңес беретін болады. Өз-өзіне қызмет көрсету орындары да ашылады», - деді Әнуар Өскенбаев.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Алматыда 812 пәтер тапсырылған. Жыл соңына дейін тағы 1500 пәтер пайдалануға берілмек.

Алматыда негізінен әлеуметтік баспана 13 санат бойынша сәйкес келетін адамдарға беріледі.

Басты шарт - адамның басында баспана болмауы, сондай-ақ 3 жылдай тұрғылықты мекенжайы Алматыда тіркелген болуы шарт.

«Бүгінде Алматыда әлеуметтік тұрғын үй кезегінде 22 мыңнан аса адам тұр. Олардың қатарында ҰОС ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, жетім балалар, көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар», - деді Ә.Өскенбаев.

Оның айтуынша, Egov электронды үкімет порталына көшкелі бері кезектің жылжуына адами фактор ықпал етпейтін болған.

Соңғы жаңалықтар