Алматыда бас бостандығы шектелген азаматтар жұмыспен қамтылуда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жұмыспен қамту орталығында пробация қызметінің есебінде тұрғандармен кездесу өтіп, оларға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бас бостандығы шектелген азаматтарды тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, қысқа мерзімді оқыту, сондай-ақ кәсібін дөңгелеткісі келетіндерге жылына 6% микрокредит беру мәселесі қаралуда.

Қалалық халықты жұмыс пен қамту орталығы директорының айтуынша, өткен жылы пробация қызметінде есепте тұрған 117 адам орталық қызметіне жүгінген.

«Пробация қызметінде есептер тұрғандар бізге кез-келген уақытта хабарласып, өздерінің өтініштерін білдіре алады. Біліктілігін арттырам дегендерді қысқа мерзімді оқуға жібереміз. Бұл қызмет тегін көрсетіледі, қосымша стипендия тағайындалады. Өткен жылы өтініш білдіргендердің ішінен 40 адамға көмегіміз тиді. Оның ішінде 11 адамға тұрақты жұмыс орнын тауып бердік, қоғамдық жұмыстар мен қысқа мерзімді оқуға жіберілгендері болды»-деді қалалық халықты жұмыс пен қамту орталығы директоры Мейрам Сүйіндіков.

Пробация қызметі бөлімінде есепте тұратын азаматшаға (аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) әлеуметтік -құқықтық көмек ретінде біліктілігін арттыру мүмкіндігі берілген.

«Мен қазір шаштараз мамандығына оқып жатырмын. Пробация қызметі мен халықты жұмыспен қамту орталығының осындай мүмкіндікті ұсынып отырғанына өте қуаныштымын. Кез-келген адам қателесуі мүмкін»-деді сотталушы.

Жетісу ауданы пробация қызметінің аға инспекторы Жанар Анабиева мұндай мүмкіндік сотталушылардың қоғамға бейімделуіне көмектесетінін айтты.

«Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталығымен жұмыс жасап жатырмыз. Жауапқа тартылғандың ішінде қысқа мерзімді оқуды бітірген Берікбол Жаңабаев Мамыр-7 ПИК-де металл дәнекерлеуші болып, Чабанов Виктор құрылыс фирмасында жұмыс істейді. Тағы бір сотталушымыз шаштараз мамандығын үйреніп жатыр. Кейін жұмысқа орналастыру жағы қарастырылады»-деді Жетісу ауданы пробация қызметінің аға инспекторы Жанар Анабиева.

Кездесу нәтижесі бойынша жауапқа тартылғандардың 5-уі біліктілігін арттыруға жолдама алса, 1 адам микрокредит алу үшін құжат дайындауға кірісетін болды. Тағы 5-уі қысқа мерзімді оқуға жазылып, кейін жұмысқа тұру үшін өтініш берді.

Арайлым Жолдасбаева

Соңғы жаңалықтар