Алматыда «барахолканың» өртенуіне байланысты сот отырысы өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Жетісу аудандық сотының ғимаратында «Аян», «Олжа», «Керемет» базарларының өртенуіне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Отырыс барысында айыпталушы ретінде базар қызметшісі, дәнекерлеуші Жанат Хайранов пен «Құлагер» базарының директоры Мұсағали Алдабергенов қатысты.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Жанат Хайранов өз жұмысына салғырттық танытып, дәнекерленген нысанды өртенбейтін заттармен қоршамаған. Тергеушілер анықтағандай, өрт дәнекерленген тұстан басталған. Өз ісіне салғырт қарағаны үшін оған ҚР Қылмыстық Кодексінің 188 бабы бойынша (отпен жұмыс істегенде салғырттық таныту) қылмыстық іс қозғалды. Сот отырысы кезінде аталған айыптау бойынша Хайранов өз кінәсін жартылай мойындады.

Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы «Құлагер» базарының басшысы Мұсағали Алдабергеновті базар ішінде өртке қарсы қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны әрі өрт сөндіру техникасының кіруіне септігін тигізетін маршрут жоспарын қабылдамағаны үшін айыпты деп табуды ұсынды. Алайда, айыпталушы өз кінәсін мойындаудан бас тартты. Сонымен қатар, жапа шеккен жақ «Құлагер» базарының ішіндегі өртке қарсы гидранттардың әбден тозығы жеткенін айтып шағымданды. Естеріңізге сала кетейік, былтыр тілсіз жау «Құлагер» базарында орналасқан 294 қойманы шарпыған болатын. Жалпы алғанда, өрт салдарынан мемлекетке 12 млн. теңге көлемінде, ал жеке кәсіпкерлерге 290 млн. теңге көлемінде залал келтірілді.

Соңғы жаңалықтар