Алматыда «Балбырауын» күйін бір мезетте 500 домбырашы орындады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ұлттық домбыра күніне орай бір мезетте 500 домбырашы Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Бұл мерекеге арнайы жасалған тарту болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арбат алаңында ашық аспан астындағы салтанатқа жүздеген адам домбырасын арқалап келді. «Сазген сазы», Алатау дәстүрлі өнер театрының фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары мен мектеп оқушылары бір мезетте Құрманғазының әйгілі «Балбырауын», «Адай» күйлерін, Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауын» орындаудан «флешмоб» ұйымдастырды.

«Қазақтың атын танытатын домбыраға Елбасымыз күн арнап, оны ұлықтаудамыз. Екі ішектен тұратын осынау аспапта тек халық күйлерін ғана емес, Моцарттың, Шопеннің және басқа да ұлттардың туындыларын ойнауға болады»,-деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Жүсіпов.

Сондай-ақ бұл күні Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін домбырада ойнау мен оны жасаудан шеберлік сабақтары ұйымдастырлып, домбырашылардың фотокормесі мен сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесі өтті. Көрермендер арасында домбырада ойнаудан сайыс өткізіліп, музыкалық викториналар ойнатылды.

 

Соңғы жаңалықтар