Алматыда балаларға аулада футбол, баскетбол ойнауға тыйым салынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында ҚР Мемлекет басшысының мәлімдемесінен кейін балаларды аулада ойнату тәртібінің жаңа ережесін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалар алаңын пайдалану бойынша Президенттің мәлімдемесінде айтылған тапсырманы орындау мақсатында жан-жақты талқылап арнайы қаулы шығардық. Қазір Алматы қаласының тұрғындарына таңғы 6:00-ден кешкі 21:00-ге дейін балалар және демалыс алаңдарына шығуға рұқсат берілді. Бірақ арнайы талаптарымыз бар. 14 жасқа дейінгі балалардың ата-анасы міндетті түрде қасында болуы керек. Міндетті түрде бетперде кию керек. Үй ауласынан сыртқа шықпауы керек. Далаға шыққан кезде үш адамнан артық жиналуға болмайды. Адамдар аралығында қашықтық 2 метр болуы тиіс», - деді Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар алматылықтарға аулада спортпен айналысуға тыйым салынды.

«Санитарлық ереже ең алдымен коронавирус қаупінің алдын алуға арналған. Осы орайда мынандай ұсыныс беріп жатырмыз. Балалар шоғырланбауы үшін футбол, баскетбол сияқты ойын ойнауға тыйым салынады», - деді Жандарбек Бекшин.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановтың айтуынша, карантинге жабылған вирус ошақтары саналатын үйлердің тұрғындарына аулаға шығуға қатаң тыйым салынады.


Соңғы жаңалықтар