Алматыда балаларды ұрып-соққан тәрбиеші жұмыстан қуылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда №140 балабақша меңгерушісі мен тәрбиешісі қызметінен босатылды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ата-аналар осы бақшадағы балаларының таяқпен тәрбиеленіп отырғанын айтып, прокуратураға шағымданған болатын.  Атап айтқанда, тәрбиеші Перизат Аязбековаға қатысты шағым көп. Ата-аналар таратқан видеода тәрбиешінің балаларды сызғышпен ұрып, аяқтарын басқаны анық көрінеді.

Алматы әкімдігі бұл оқиғаға байланысты түсініктеме берді.

«Білім басқармасы №140 балабақшада орын алған келеңсіз жағдайға байланысты мынаны хабарлайды. Аталған балабақша тәрбиешісі Перизат Аязбекова «Бәйтерек» тобына 3 айлық  сынақ мерзімімен 2018 жылдың  17 тамызында қабылданған. 2018 жылдың 8 қазанында негізгі тәрбиеші жұмысқа шыға алмай, оның орнына тәрбиеші болған П. Аязбековаға қатысты  меңгерушінің атына  ата-аналардан шағым түскен»,  - деді әкімдіктен.

Ата-аналар шағымы балабақшаның өндірістік жиынында қаралған. 

Ал №140 балабақша меңгерушісі Білім басқармасының 2018 жылғы 24 қазандағы №105 бұйрығы бойынша қызметінен босатылды.

Педагогикалық этиканы бұзып, балдырғандарға дөрекілік көрсеткені үшін Перизат Аязбекова 2018 жылдың 10 қазанында №64 бұйрық негізінде жұмыстан босатылған.

Білім басқармасы мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің басшыларымен және қызметкерлерімен бірнеше рет жиын өткізген. Онда бүлдіршіндерге дөрекілік көрсету фактілеріне жол бермеу, балалардың денсаулығын қорғау талаптарын қатаң сақтау, әсіресе психолигиялық салауаттылыққа ерекше мән беру жөнінде ескерткен.

Соңғы жаңалықтар