Алматыда балаларды дұрыс тамақтандыру жайы талқылануда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда шетелдік мамандар «Пайдалы тағам және дұрыс қоректендіру: мүгедек балалардың келешегін арттыру» екі күндік семинар барысында мүгедек балаларды тамақтандыру ережесін түсіндірді.

Шараға Қазақстанның өзге де аймақтарынан балаларға арналған әлеуметтік орындардың орта медициналық қызметкерлері келді.

Бұл бастама Қазақ тағамтану академиясы мен SPOON қорының 2009-2012 жылдардағы өткізген зерттеулеріне негізделген. Мамандар Қазақстанның балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүгедек балалардың тамақтану режимі мен мәзірін зерттеген.

Олардың айтуынша, зерттеу нәтижелері жетім балалардың үштен бірінің денсаулығында ақау барын көрсеткен.

«Қазір Қазақстанның балалар үйінде 1600-ге жуық бала тәрбиеленуде. Олардың 25 пайызы - мүгедектікке шалдыққан. Балалар арасында Дауна синдромы, сал ауруы, жүрек дертіне шалдыққандар көп. Балалар денсаулығындағы ауытқушылық жеткіліксіз тамақтанумен байланысты. Олардың 30 пайызының салмағы аз болса, 25 пайызының ақыл-есі дамымаған, 35 пайызы қаныаздыққа шалдыққан», - деді SPOON қорының құрылтайшысы Мишель Рудзински.

Шетелдік маманның айтуынша, балалардың денсаулығын түзеу үшін оларды дұрыс тамақтандырудың маңызы өте зор.

«Бұл бастама «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасының мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға жағдай жасайтынына сенімдіміз. Әсіресе, балалар үйінде дұрыс тамақтандыруға және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, астан туындайтын аурулардың алдын алуға септігін тигізеді», - деді ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің Ана мен бала денсаулығын сақтау басқармасының бас маманы Сәнім Танаева.

Ертең семинар аясында Алматыдағы балалар үйінде медбикелер мен тәрбиешілерге арнайы құрал-жабдықтар арқылы баланы тамақтандыру тәсілдері көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар