Алматыда балалар арасында неврологиялық аурулар өршіп тұр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда балалар нейрохирургиясының өзекті мәселелері және емдеудің инновациялық әдістеріне арналған білім беру курсы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара барысында дәрігерлер балалардың бас миының жарақаты, гидроцефалия, қарыншаның эндоскопиялық зерттеулері, ми ісіктері, интрамедулярлы жұлын ісіктері, бас сүйек деформациясы, глиома немесе ұрық жасушалары ісіктерін емдеу жолдарын талқылады.

«Бұл қаламыз үшін өте маңызды шара. Балалар арасында жиі кездесетін неврологиялық аурулардың алдын-алу және емдеу жолдарын қарастырып жатырмыз», - деді Алматы қаласының №2 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Рабандияров.

Білім беру курсына Тель-Авив медициналық орталығының жетекші нейрохирургі, жаңа туған нәрестелердегі ми мен жұлын ісіктерін зерттеу бойынша маман, профессор Шломи Константин арнайы келді.

«Мен осымен Қазақстанға жетінші рет келіп отырмын. Алматы - қарқынды дамып келе жатқан қала. Сондықтан нейрохирургияның дамуына қатысты мұндай шараны өткізу өте маңызды. Мен педиатрия мен нейрохирургияға қатысты өз ойымен бөлістім. Ең бастысы дәрігерлер ауруды көре білу керек. Олар дұрыс диагноз қоюы қажет. Қазір балалар арасында гидроцефалия мен туа біткен ауытқулар жиі кездеседі. Біз өз елімізде Израилде жылына ми жарақатына байланысты 500-ден астам операция жасаймыз. Қазақстаннан да түрлі диагноздары бар науқастар келеді», - дейді Шломи Константин.

Дәрігерлердің айтуынша Алматыда туа біткен даму кемістіктері бар, сирек кездесетін ауруларға шалдыққан балалар саны артып келеді. Бас миы қан тамырларының артериалды аневризмалары - мидың қан тамыры қабырғаларының жұқаруынан пайда болады. Бұл туа бітті дерт. Гидроцефалия – жұлын сұйықтығын өндіру мен сіңіру арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуынан және оның бас миының қарынша жүйесінде артығымен жиналуынан туындайтын ауру. Балалардың церебральды сал ауруы (ДЦП) – жүйке-буын қызметінің бұзылуы. Бас миының сарысулы ісігі-бас миының туа біткен аномалиясы, ол жұлын сұйықтығымен толған бас миының торлы қабағы қалыптастырған бас миының бүйір саңылауы. Осындай дертке шалдыққан балаларға дұрыс ем жүргізу дәрігерлердің басты міндеті болып отыр.

Бас миының түрлі ісіктері - балалар арасында кеңінен таралған өзгерістер. Балалар миы ісігінің 40%-ғы субтенториалды немесе медуллобластомалар болып келеді, сонымен бірге краниофарингиома, түрінде болуы мүмкін. Мамандардың пайымдауынша бала кезде пайда болған ісіктерді емдеуге мүмкіндік бар.

Бұл шараны Балаларға арналған №2 қалалық клиникалық ауруханасы, Shashkin Clinic заманауи неврология және нейрореабилитация клиникасы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар