Алматыда бала құқығына қатысты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл: проблемалар мен шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғылыми іс-шара Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған және Мемлекет басшысының балалар мен әйелдерді отбасылық-тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылықтан қорғау, сондай-ақ суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселелері бойынша тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

Конференция жұмысына Президенттің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Закиева, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Чиндалиев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің, заң қоғамдастығының, үкіметтік емес ұйымдардың, жоғары оқу орындарының өкілдері, ҚР ІІМ полиция және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің басшылары қатысуда.

Конференцияның күн тәртібінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті реттейтін заңнаманы жетілдіру ; балаларды қорғаудағы ведомствоаралық тәсіл; кәмелетке толмағандарды экстремистік ұйымдарға тартуға қарсы іс-қимыл; балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою стратегиялары; өмірлік дағдарыстық жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға психологиялық көмек көрсету мәселелері қаралады.

Соңғы жеті жылда қабылданған заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар деңгейін бес есеге төмендетуге мүмкіндік берді.

Конференцияға қатысушылар алдында сөз сөйлеген ІІМ басшысы балаларға қатысты қылмыс жасау себептеріне тоқталды. Көбінесе олар отбасындағы қолайсыз психологиялық жағдаймен, ата-аналардың өмір сүру салтымен, тұрмыстық тәртіпсіздіктермен, балалардың қараусыздығымен байланысты екенін атап өтті.

2020 жылы:

– Балалардың терезеден құлауының 108 фактісі (18 бала қаза тапты).

– Кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауының 449 фактісі (әрбір екінші жағдайдың себебі анықталмады, өйткені жанжал отбасы ішінде орын алады).

– Жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы 825 қылмыс (олардың 80% – ын жақын ортадағы адамдар – әкелер, өгей әкелер, туыстар, көршілер және таныстар жасаған). – ЖКО-да балалардың қаза болуының 183 фактісі тіркелген.

«Мұндай статистика қоғамда және жауапты мемлекеттік органдарда алаңдаушылық туғызбауы мүмкін емес. Баланың жасына байланысты оған қатысты жасалған әрекеттердің заңсыздығын түсіну қиын. Сондықтан мемлекет, уәкілетті құқық қорғаушылар және қоғам жұмылу керек. Себебі балалар – қоғамның ең қорғансыз бөлігі және олардың бақытты әрі қауіпсіз балалық шақтарын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдау біздің міндетіміз, – деді Ерлан Тұрғымбаев.

ІІМ басшысы конференцияға қатысушыларды ағымдағы мәселелерді ашық талқылауға шақырды, бұл балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік береді.

Ол сондай-ақ Ішкі істер министрлігі жаңа идеялар мен сындарлы ұсыныстар үшін, ғылыми қоғамдастықпен, сондай-ақ азаматтардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастық үшін әрдайым ашық екенін атап өтті.

Айта кетейік, шара ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен өтуде.

Іс-шараның нәтижелері бойынша конференцияның барлық қатысушыларымен мақұлданған қарар дайындалды.


Фото: polisia.kz
Соңғы жаңалықтар