Алматыда «Бақытты отбасы» орталықтары әкелерге де көмек көрсетеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Бақытты отбасы» орталықтары әкелерге де көмек көрсетеді. Бұл туралы «Бақытты отбасы» қалалық орталығының басшысы Зүлфия Байсақова онлайн брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда аз қамтылған отбасыларға жан-жақты көмек көрсету мақсатында, 2019 жылдан бері қаланың әр ауданында «бір терезе» қағидаты бойынша «Бақытты Отбасы» орталықтары жұмыс атқарып келеді. Бүгінгі күні қаланың әр ауданында 9 орталық жұмыс істеп тұр.

Алматыдағы «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы биылдан бастап жаңа форматта жұмысын бастады. Бұдан былай, көпке қол ұшын беріп жүрген мамандар енді тек аналар мен аз қамтылған отбасыларға ғана емес, үйде екі қолға бір күрек таппай отырған әкелерге де өз жобаларын ұсынбақ.

«Біздің орталықтар ерлер үшін автосалонға арналған қаптар тігу мен кішкентай балаларға арналған массаж курстарын ұйымдастырып отыр. Бұл салаға қызығушылық танытқандар саны күн санап артып келеді. Орталық мамандары, оларды тегін оқытып, кейіннен кәсібін бастау үшін мемлекеттен грант алуына көмектеседі. Айта кетейік, өткен жылы аудандағы 1705 адам қайтарымсыз грант алып, бүгінде шағын кәсібін жүргізіп отыр»,-дейді Зүлфия Байсақова.

Орталықтың мақсаты - Алматы қаласында тұратын әлеуметтік осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсартып, экономикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, сонымен қатар өмірлік қиын жағдайдан шығулары үшін жеке мотивацияларын нығайту.


Соңғы жаңалықтар