Алматыда бағдарламалау мектебінен 27 ноутбук ұрланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Назарбаев - Әл-Фараби даңғылдарының қиылысында орналасқан бағдарламалау мектебін тапа тал түсте тонап кеткенін ҚазАқпарат тілшісіне мектеп басшысы Айна Досмахамбет хабарлады. 

Мектеп кеңсесі "Сәтті" бизнес орталығында орналасқан. Мұнда балалар SMM және IT бағдарламалауға машықтанады. Ұрланған ноутбуктер жақында ғана сатып алынған. Олардың ішінде қорабы ашылмаған жаңалары да болған. 

«Біздің қызметкерлер күндіз-түні жұмыс істейді. Белгіленген жұмыс уақыты жоқ. Бұған дейін біздің кеңсеге белгісіз біреулердің келіп, түн ортасында оқу ақысын сұрайтыны күдік туғызатын. Тіпті кейбірі кабинеттен шатасып, кіріп кеткенін айтқанда біздің кеңсені әлдекімдердің торуылдап жүргені ойымызға да келмепті. Ал ұрлық болған күні таңға дейін отырып, күндіз үйді-үйімізге тарадық. Түстен кейін сағат 5-те келіп, кеңсеге ұры түскенін көрдік», - деді Айна Досмахамбет. 

Оның айтуынша, қолды болған ноутбуктердің жалпы құны 27 мың АҚШ долларын құрайды. Болған жағдайдан кейін мектептің негізін қалаушы Самат Исказиев жергілікті аудандық ІІБ-ге арыз жазған. 

«Камерадан 3 адамның ғимаратқа сырт киімдерін қолдарына ұстап кіргені көрініп тұр. Курткаларының астында рюкзак болған. Тым жақсы киінген, жап-жас жігіттер екені анық көрінеді. Түр-әлпетін де жасырмаған, ештеңеден қорықпайтыны көрініп тұр. Кеңсенің есігін бұзбай, балконнан кірген. Дәл осы күні, осы уақытта бұл ғимаратта тағы бір кеңсе тоналып, 5 компьютер ұрланған. Қылмыс тыныш ауданда, сағат 3-тің кезінде болған. Арызда біз 19 ноутбук ұрланғанын жаздық. Артынан тағы 8 ноутбуктың жетіспейтінін білдік. Олар «олжаларын» арқалап бара жатқанда, ғимарат күзетшілері басқа жаққа алаңдап, біреуге жүк көтерісуге көмектесіп жатқан», - дейді мектептің басшысы. 

Алматы ІІД мәліметінше, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. 

«1 қыркүйек күні Медеу аудандық ІІБ-не бизнес орталықтың бірінен ноутбук ұрланғаны туралы арыз түскен. Олардың саны - 19 . Қылмыстық іске байланысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейін тергеу басталды. Полицейлер бейнебақылаудағы жазбаны алып, міндеттеріне кірісіп кетті. Қазір криминалды полиция істің мән-жайын анықтау үстінде. Кешенді шара қолданылып жатыр», - деді Алматы ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Айта кету керек, ҚР ҚК 188-бабына сәйкес ұрлық жасаған қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі. Болмаса, бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Соңғы жаңалықтар