Алматыда азық-түлік жәрмеңкелері қайта ашылды
2022 жылғы 24 қаңтар 12:40

Алматыда азық-түлік жәрмеңкелері қайта ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 22 қаңтардан бастап апта сайын қаланың 5 ауданында (Алмалы, Медеу, Бостандық, Алатау, Әуезов) «демалыс күнгі» азық-түлік жәрмеңкелері қайта басталды. Оған Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері, сондай-ақ Алматы қаласының азық-түлік кәсіпорындары қатысады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан басқа, Алматыда көкөніс әлеуметтік дүкендерінің үлгісі бойынша 5 базарда («Жұлдыз», «Орбита», «Таусамалы», «Арыстан», Тастақ) «ет дүкендері» ашылды, онда сиыр етінің кеуде-жауырын бөлігі 2050 тг/кг-нан сатылады, бұл орташа нарықтық бағадан (ҚҚ-2325 тг/кг) 13,5%-ға төмен.

Сондай-ақ, Мақсат Қиқымов 9 қаңтарда «үй жанындағы» дүкен сөрелерінде өнім тапшылығын болдырмау мақсатында азық-түлікті төмен бағамен жеткізуге өтінімдерді қабылдау бойынша жедел желі құрылғанын хабарлады.

Ағымдағы жылғы 24 қаңтардағы жағдай бойынша 120 өтінім алынды және 90 тонна өнім тиелді. Оның ішінде 85,2 тонна бакалея өнімдері (күнбағыс майы, 1-сұрыпты ұн, қарақұмық жармасы, қант) 4,8 тонна жұмыртқа.

Қазіргі уақытта қаланың барлық аудандарында В, С класты дүкендерді қамтуды ұлғайту үшін өтінімдерді қабылдау жалғасуда.

Әкім орынбасарының айтуына қарағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс ерекше бақылауда.


Jańalyqtar

MURAǴAT