Алматыда азық-түлік өнімдері қате таңбаланған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда азық-түлік өнімдерінің таңбалануында сәйкессіздіктер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің биылғы жылдың алғашқы төрт айында өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу шеңберінде сауда желісінде ет, балық, құс өнімдері, көкөністер, жемістер және басқа да азық-түлік өнімдерінің 624 сынамасын іріктеп алды. Мониторинг барысында техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін 332 сынама анықталып, оның ішінде таңбалау бойынша сәйкессіздік 271 сынаманы құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз (2021 жылы 373 сынамадан анықталған).

Ведомство таңбалау туралы мен қате таңбалаудың салдары туралы хабарлады.
«Таңбалау - тұтынушыны өнім туралы ақпараттандырудың негізгі әдісі болып табылады. Таңбалаудың арқасында сатып алушылар тамақ өнімдерінің құрамы, жарамдылық мерзімі, өндіруші және т.б. туралы біледі. Таңбалауға қойылатын талаптар қолданыстағы заңнамамен және тиісті нормативтік-құқықтық актілермен белгіленеді.
Таңбалау деген - белгілі бір өнімге қатысты тауарлар мен қызметтерге арналған сипаттамалар, суреттер және символдар. Таңбалау ыдысқа, буып-түю материалына, затбелгіге, жапсырмаларға, стикерлерге және қаптаманың басқа элементтеріне орналастырылады.
Таңбалаудағы ең маңыздысы - бұл өнімнің жарамдылық мерзімін көрсету. Сақтау мерзімі қысқа азық - түліктерде күні мен айы, орташа - бір ай, ұзақ уақыт - тек жылы көрсетіледі. Әрбір тұтынушы өнімнің таңбалауында оның дайындалған күні мен жарамдылық мерзімінің болмауы бұзушылық болып табылатынын білуі тиіс, бұл жағдайда өнім туралы барлық мәліметтер көрсетілген басқа өндірушінің өнімдерін сатып алған жөн немесе сатушыдан тез бұзылатын тамақ өнімдеріне тауарға ілеспе құжаттарды беруді сұраған жөн, онда өндіруші міндетті түрде дайындалған уақыты мен күнін, сондай-ақ, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін, өнімді сақтау температурасы және жарамдылық мерзімін көрсету қажет.
Қате таңбалау өнім өндіруші үшін бірқатар жағымсыз салдарларды тудыруы мүмкін, мысалы, таңбалауға өзгерістер енгізу, өнімді сатуға уақытша тыйым салу, айыппұлдар және анықталған бұзушылықтарға байланысты келтірілген шығындарды өтеу», - делінеді хабарламада.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындардан өнімдерді таңбалаудың сәйкессіздігі анықталған жағдайда Жібек жолы даңғылы, 5 мекен-жайына (эл. мекен-жайы: [email protected], тел: 382-35-15) немесе бұзушылықтың нақты фактілерін көрсете отырып, «Электрондық үкімет» порталы арқылы шағымдануға болатынын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тауарларды таңбалау процесі қалай жүзеге асып жатқаны және дәрілік заттарды таңбалау биыл 1 шілдеден басталатынын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар