Алматыда азық-түлік бағасына күнделікті мониторинг жүргізіледі

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы туралы мәліметтерді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы бойынша статистика департаментінің мәліметінше, 2 тамыздағы жағдай бойынша қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) орташа бағасы: 1 келі ұн – 258 теңге, 1 бөлке нан – 95 теңге, кеспе - 245 теңге.

«Бағаны тұрақтандыру азық-түлік корпорациясының қорларынан астық жеткізу арқылы қамтамасыз етіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда күзгі астық мол болады деп күтілуде», - деп хабарлады кәсіпкерлік басқармасынан.

Алматыда қазір сиыр етінің келісі 2347 теңге, тауық еті - 1219 теңге, пияз - 195 теңге, сәбіз - 211 теңге, картоп -181 теңге, қырыққабат- 92 теңгеден сатылуда.

« Мегаполиске көкөністер Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарынан жеткізіледі. Көкөністерді маусымаралық кезеңде сату бойынша форвардтық сатып алу шарты жасалды, жыл соңына дейін шамамен 74 мың тонна жеткізу туралы келісім бар», - деп толықтырды басқармадан.

Тамыз айының басында сүттің литрі – 328 теңгеден, айран – 379 теңгеден, сары май – 3397 теңгеден, сүзбе – 1940 теңгеден, күріш – 292 теңгеден, қарақұмық – 516 теңгеден, күнбағыс майының бір литрі – 879 теңге, 10 дана жұмыртқа – 460 теңге болса, тұздың бағасы - 66 теңге.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы тосап жасау маусымының басталуына байланысты қалада қантқа деген сұраныс екі есеге - тәулігіне 120 тоннадан 250 тоннаға дейін өскенін атап өтті.

Қанттың 40%-дан астамын Алматы (Қаскелең, Талғар, Өтеген батыр, Кеген Нарынқол) және Жетісу (Талдықорған, Жаркент, Сарқанд, Үшарал) облыстарының тұрғындары сатып алады.

«Халықтың сұранысын орындау мақсатында сауда желілері, үй жанындағы дүкендер мен қалалық базар сөрелеріндегі қант көлемі 180 тоннаға дейін ұлғайтылды», - деп атап өтті әкімдіктегілер.

Айта кетейік, демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерде қолжетімді бағадақант сатып алуға болады.

«Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі. Мәселен, тұрғындардың арыз-шағымдары негізінде үй жанындағы 12 дүкенге қанттың негізсіз қымбаттауына тексеру жүргізілуде»,- деп хабарлады кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасынан.


Соңғы жаңалықтар