Алматыда азық-түлік бағасын негізсіз көтергендерге қатаң шара қолданылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда азық-түлік бағасын негізсіз көтеретін кәсіпкерлерге қатаң шара қолданылады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев актив отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда үй маңындағы сауда дүкендерінде бағаны негізсіз көтеру фактілері бар. Бұл туралы мәлімет қала әкіміне күнделікті келіп түседі.

«Өзімнің орынбасарыма, кәсіпкерлік басқармасы, аудан әкімдеріне 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтамайтын құқық бұзушыларды анықтап, деректерін құзыретті органдарға жіберуді тапсырамын. Жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты қатаң шаралар қабылдап, күн сайын мониторинг жүргізу қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Алматы қаласында 3,5 мыңға жуық дүкен жұмыс істеуде.

Өткен аптадан бастап «Алматы» ӘКК» АҚ әлеуметтік маңызды азық-түріктерді үй маңындағы дүкендерге жеткізе бастады.

Өндірушілерден 67 тонна өнім (нан, жұмыртқа, күріш, қант және күнбағыс майы) жеткізілді.

Көтерме жеткізілімге тапсырыс +7 707 787 95 35 жедел желі бойынша қабылданады.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Алматы индустриялық аймағының аумағында қажетті инфрақұрылым құруға мүмкіндік беретін тарату орталығының құрылысы жобаланып отыр.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру аясында кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы сауда желілеріне «айналым» жеңілдікті қарыз бөлу бойынша жұмыс жүргізуде.

Бөлінген қаражат есебінен «Магнум» желісінде ӘМАТ-тың барлық 19 атауы төмен бағамен және «Тоймарт» желісінде 12 ӘМАТ (ұн, нан, макарон, күріш, тауық еті, айран, сүзбе, сары май, тұз, күнбағыс майы, картоп, пияз) сатылуда.

Орташа алғанда, екі желіде көкөністердің (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) бағасы нарықтық бағадан 30-50%-ға төмен, ет өнімдері (сиыр еті, тауық еті, жұмыртқа) 10-15%-ға, азық-түлік 10-30%-ға төмен.

«Алматынан» ЖШС-мен нанның бағасын 85 тг/бөлке, 1,8 мың тонна күнбағыс майын 585 тг/шөлмекке және 700 тонна қарақұмық жармасын 500 тг/кг («Стандарт Продактс» ЖШС) қаланың сауда желілеріне жеткізу бойынша меморандум жасалды.

7 азық-түлік базарында көкөніс және бакалея өнімдері базар бағасынан 1,5-2 есе төмен бағамен сатылады.

«Ет дүкендері» 5 базарда іске қосылды. Онда сиыр еті 2050 тг/кг (нарықтық бағадан 20% төмен) сатылады.

Павлодар (барлығы 6,5 мың тонна картоп пен сәбіз), Алматы (250 тонна қырыққабат) және Жамбыл облыстарынан (1,5 мың тонна пияз) көкөніс тікелей жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар