Алматыда аз қамтылған бес мың отбасына азық-түлік таратылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мұқтаж жандарға арналған қайырымдылық акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл акцияның мақсаты – тұрымысы төмен 5 мың отбасына азық-түлік салынған себеттерді тарату. Айта кету керек қоржынның салмағы 51 келі. Онда қарақұмық, күріш, ұн, қант, тәттілер, консервіленген ет өнімдері, қоюландырылған сүт, макарон, май, шай бар.


Азық-түлік тарту барысында көпбалалы аналардың біріне «Күміс алқа» медалі табысталды. Ол алты бала тәрбиелеп отыр.


«Қолдау көрсетіп жатыр, алғысым шексіз. Осындай қиын уақытта әкімдік пен Nur Otan бізді қараусыз қалдырмайды. Азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Бүгін міне медаль алдым. Өте қуаныштымын», - дейді көпбалалы ана Рысгүл Дәулет.


Акцияны «Қазақстан волонтерлер лигасы» ҚҚ Алматы филиалы, қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы, «Халық» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды.

«Қала әкімдігі төтенше жағдай жариялаған сәттен бастап 14 мың жағдайы төмен отбасына азық-түлік түрінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Әр себетте 22 келі тартатын қажетті заттар болды. Көптеген жеке кәсіпкерлер көмекке келді. Олар 15 мың келіге жуық көкөніс пен 800 қап ұн берді. Мемлекеттік активтер басқармасы қолдау мен көмекке зәру отбасыларға 1 мың аяқ киім бөлді», - деді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бөлім басшысы Рахилям Махпирова.


«Қазақстан волонтерлер лигасы» қоғамдық қорының Алматы қалалық филиалының төрағасы Бағдат Анарбаева жергілікті атқарушы органдар мен қорларға белсенді түрде көмек көрсетіп жатқандарын айтты.

«Біздің міндетіміз - бұл өнімдерді жинап, дайындап, кейін оларды мекен жайларға байланыссыз жеткізу. Бұл жұмыстарға күн сайын 30-50 ерікті жұмылдырылады. Әр топта 3-4 адамнан бар», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар