Алматыда айыппұлы екі миллион теңгеден асып кеткен Audi жүргізушісі ұсталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлы екі миллион теңгеден асып кеткен Audi жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Ресейде тіркелген Audi көлігінің жүргізушісі жол ережесін 92 рет бұзған. Айыппұлдың жалпы сомасы – 2 289 306 теңге.
«Бұл заңбұзушылық қаланың бейнежүйелері арқылы тіркелді. Жүргізуші көбінесе жылдамдықты асырған. Оны «Қорғау – қауіпті жүргізуші» автоматтандырылған жүйесі арқылы анықтап, ұстадық. Жыл басынан бері «Қорғау – қауіпті жүргізуші» кешені қала жолдарында 3 501 құқықбұзушылықты анықтады, – дейді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Полиция өкілінің айтуынша, бір күн бұрын шетелде тіркелген тағы екі көлік ұсталды. Жүргізушілердің әрқайсысына заң бұзғаны үшін 800 мың теңгедей айыппұл салынған. Көліктер мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.


Соңғы жаңалықтар