Алматыда айғақ заттарды ұрлаған тергеуші 10 жылға сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда айғақ заттарды ұрлаған аға тергеуші 10 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алмалы аудандық сотында ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша айып тағылған Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеулер қызметінің бұрынғы тергеушісі Қуандық Есенғұловқа, сондай-ақ ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігімен, 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағымен айыпталған Рустам Өтегеновке үкім шықты.

«Іс материалдарына сәйкес, Қуандық Есенғұлов контрабандалық қылмыс бойынша құны 4 млн 17 мың теңгеге бағаланған зергерлік заттар мен 1 мың 670 АҚШ долларын айғақты зат ретінде тәркілеп алған. Кейін олардың айғақты зат екендігін дәлелдейтін құжаттар мен бейнекамералардағы таспаны жойып жіберген. Осылайша, айғақты заттарды Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тексеру қызметінің сақтау камерасына жеткізбеген. Рустам Өтегенов Есенғұловтың айтуымен барлық заттарды Алматыдағы ломбардтарға өткізген. Екі күдікті алтын сатудан түскен 4 млн 594 мың теңгені өз қажеттіліктеріне жаратқан. Салдарынан қалалық  Мемлекеттік кірістер департаментіне 344 594 000 теңге көлемінде нұқсан келтірілді», - деді қалалық соттың баспасөз қызметінен. 

Сот үкімімен «аса ірі көлемде сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін қолды еткен» Қ.Есенғұлов 10 жылға сотталды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және қаржылық мекемелерде жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ одан «үшінші санаттағы капитан» арнайы шені алынды.

Ал Р.Өтегенов 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Олар жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемесінде өтейді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушылар 15 тәулік ішінде апелляцияға бере алады. 

Соңғы жаңалықтар