Алматыда әйел бұрынғы күйеуін пышақтап тастады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құқық қорғаушы Дина Таңсәрі өзінің Instagram парақшасында оқиғаның егжей-тегжейін жариялады. Айтуынша оған жәбірленушінің сіңілісі жүгінген.

«Кәмелетке толмаған баланың және менің әпкем Жанаттың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сізге жүгінуге мәжбүрмін. Оның шымкенттік бұрынғы күйеуі 11 қыркүйекте Алматыға келіп, 2022 жылдың 12 қыркүйегінде телефон арқылы хабарласады. Ол ортақ қызына киім сатып алуға көмектесетінін айтты. Сөйтіп, ол баламен кездесуге рұқсат берді. Жақыпов оның үйіне мас күйінде келген. Ол бұрынғы әйелін зорлап, кейін алты жастағы қызын да зорламақ болған. Анасы қызын құтқару үшін, бұрынғы күйеуіне пышақ сұғып алды»,- делінген жазбада .

Қалалық полиция департаменті 12 қыркүйек күні сағат 22:00-де Гагарин көшесіндегі үйлердің бірінде ер адамның пышақ жарақатын алғаны туралы қоңырау түскенін атап өтті.

Полицейлер келген кезде жәбірленуші жерде жатқан. Жедел жәрдем бригадасы көптеген пышақ жарақатымен оны қаладағы ауруханалардың біріне жатқызды.

Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

«Азаматша У. өзінің түсініктемесінде мас күйде болған бұрынғы күйеуімен жанжалдасып, артынша пышақ салғанын айтты. Сондай-ақ ол азамат Ж.-ның балаларды бастапқыда басқа бөлмеге қамап қойғанын да нақтылады. Оның тарапынан балаға зорлық-зомбылық көрсеткені туралы мәлімдеме болған жоқ. Тергеу сотының санкциясымен әйелге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Күдіктінің уәждерін тексеру және объективті деректерді анықтау мақсатында іс бойынша бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады қалалық полицияның баспасөз қызметі.

Кешенді тергеу әрекеттерінің қорытындысы бойынша күдіктінің іс-әрекетіне тиісті процессуалдық шешім қабылданып, құқықтық баға беріледі.

Полицейлер азаматтарды ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігінің талаптарын сақтауға шақырады. Бұл ереже көрінеу жалған ақпаратты таратуға тыйым салады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес қылмыстық іс бойынша өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды.


Соңғы жаңалықтар