Алматыда автоХҚО-да жаңа GPS жүйесі бар автодром іске қосылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыдағы «Саялы» шағын ауданында орналасқан мамандандырылған ХҚО өз жұмысын қайта бастады. Ондағы автодром жаңа GPS жүйесімен жабдықталды, енді практикалық емтихан барысында бұрынғыдай магнит датчиктері пайдаланылмайды, барлық дерек спутник арқылы жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдиннің айтуынша, «Саялы» шағын ауданындағы мамандандырылған ХҚО – Қазақстанда алғашқылардың бірі болып ашылған орталық. 9 жылдың ішінде маневрлар мен емтихан тапсырушылардың қозғалысын тіркейтін жабдық ескірді, автодромға жөндеу ғана емес, күрделі жаңғырту қажет.

«Бұрын датчиктер бампердің астына орнатылатын, егер көлік бордюрге соғылса, ол бірден істен шығатын. Енді қажетті жабдықтар салонның ішіне қойылды. Сондықтан жеңіл соқтығыс болса да, көлік қозғалысы туралы ақпарат еш ақаусыз жолданады», – деді Сүйеніш Әбділдин.

Жаңа жүйенің арқасында Алматы қаласының №1 мамандандырылған ХҚО автодромы күніне 100-ге жуық курсантты қабылдайды деп жоспарлануда.

Айта кетейік, Алматы қаласында жүргізуші куәлігін ауыстыруға болатын және көлікті қайта тіркеу қызметін көрсететін бес мамандандырылған ХҚО жұмыс істейді.

«Саялы» және «Кемел» шағын аудандарындағы автоорталықтарда практикалық емтихан қабылдайтын автодромдар бар.

2021 жылы Алматы қаласындағы мамандандырылған ХҚО-лар арқылы 847 881 қызмет көрсетілді. Оның ішінде: көлікті қайта тіркеу – 652 840, жүргізуші куәлігін беру – 187 888.

2022 жылдың қаңтар айында Алматы Мамандандырылған ХҚО-лары 95 898 қызмет көрсетті. Оның ішінде: көлікті қайта тіркеу – 76631, жүргізуші куәлігін беру – 37 288.


Соңғы жаңалықтар