Алматыда автобустардың соқтығысуы: Зардап шеккендерге өтемақы төленеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда автобустардың соқтығысуынан зардап шеккен жолаушылардың барлығына өтемақы төленетін болады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне «Алматыэлектротранс» ЖШС-ның басшысы Ризван Цинаев мәлім етті.

«Зардап шеккендердің барлығына міндетті түрде өтемақы төленеді. Қазір зардап шеккен тұрғындардан арыздар түсуде. Нақты сомасын әзірге айта алмаймын. Себебі барлық арыздарды қарап біткеніміз жоқ», - деді Р.Цинаев.

Оның айтуынша, автопарк өкілдері оқиғаның неден болғанын білмейді.

«Мүмкін қол тежегішіне қоймаған шығар. Бірақ мұны 100 пайыз сенімді болып барып айту керек. Бұл тергеуден кейін анықталады. Автобустардың ешбір ақауы болмаған. Техникалық тексеруден күнделікті өтіп тұрады», - деді «Алматыэлектротранс» ЖШС басшысы.

Сондай-ақ ол бір жыл бұрын автобустар толығымен жаңаланғанын атап өтті.

Еске салайық, бүгін Алматыда Абай даңғылының бойында екі жолаушылар автобусы соқтығысты.  Алдын ала болжам бойынша, Достық даңғылының бойында жүргізушісі мен жолаушысы жоқ 12-ші автобус тұрған. Дəл осы жолда қарсы бағытқа бет алған өзге автобус өз жолағынан шығып кетіп, бос тұрған автобусты соққан. Жол апатын жасаған автобустың ішіндегі жолаушылар зардап шекті.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, ауруханаға түрлі жарақаттармен 18 адам жеткізілді. Алғашқы медициналық көмекке жүгінгендер арасында 3 бала бар. Ата-аналары ауруханаға жатқызудан бас тартқандықтан олар амбулаторлық дәрігердің қадағалауына тапсырылды.

 

Соңғы жаңалықтар