Алматыда автобус жүргізушілерінің тең жартысы тестілеуден өте алмады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында көлік мамандарының біліктілігі орталығының өкілдері «Қалалық көлікті басқару және қызмет көрсету мәдениеті» атты халықаралық конференциясында қаладағы қоғамдық көлік жүргізушілерін аттестаттау қорытындылары туралы баяндап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Алматыдағы 2100 автобус жүргізушісінің ішінде бір мыңнан астамы кәсіби біліктілігін дәлелдей алмады.

«Тестілеу 21-31 қазан күндері аралығында өткен, оған  қоғамдық көлік жүргізетін 2100 адам қатысқан. Тестілеудің шектік балы 40 пайыз болған.  Одан небәрі 800 адам ғана өтті. Бұған бірнеше фактор септігін тигізді деп санаймыз. Аттестаттауға қатысқандардың көбі 45 жастан асқандар еді. Олардың көбі ережелерді көптен бері қайталамаған. Бұдан басқа, кейбір жүргізушілер компьютерді пайдалана алмайды.

Сондай-ақ олардың көбіне уақыт жеткен жоқ. Біз оларға жауап беру үшін бір минут уақыт бердік. Жүргізуші жағдайды тез түсінуі тиіс, себебі адам өмірі кейде бірер секундқа байланысты болады. Тестілеуден өте алмаған жүргізушілер қызметтен шығарылмайды, өйткені компьютер адам туралы толық айтып бере алмайды. Жыл соңына дейін тағы 200 жүргізуші тест тапсырады», - деді Алматы қаласындағы Көлік мамандарының біліктілігі орталығының менеджері Раушан Серікжан. 

Бұдан басқа, қоғамдық көлік жүргізушілерінің көбі қайта даярлаудан өтіп, онда жол қозғалысы ережелерінен басқа жүргізу мәдениеті мен әдептілік сабақтарын алуда.

Көлік мамандарының біліктілігі орталығы директорының айтуынша, бұл жоба қаладағы көлік саласының кадрлық әлеуетін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр, себебі жүргізушілер тапшылығы шамамен 500-700 адамды құрап отыр.

«Тестілеу осал тұстарымызды көрсетті, енді олармен жұмыс істейміз. Аттестаттауды жыл сайын өткізу қажет деп санаймын. Ол жүргізушілеріміздің кадрлық әлеуетін жақсартуға мүмкіндік береді. Алматы әкімдігінің қолдауымен жүргізушілеріміз өз көрсеткіштерін жақсартатынына үміттенеміз», - деді ол.   

  

  

Соңғы жаңалықтар