Алматыда автобус аялдамасында 3 адамды қаққан жүргізуші сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда автобус күтіп тұрған үш адамды көлігімен қағып кеткен 32 жастағы жүргізуші Александр Типикин алты жыл, сегіз айға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сондай-ақ, Александр Типикин 10 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Екі айдың ішінде ол қайтыс болған екі әйелдің отбасына 2 млн теңге моральдық өтемақыны өтеуге тиіс. Жарақат алған ер адам үшін моральдық шығын көлемі - 500 мың теңге .

Бұдан бұрын Александр Типикин Алматы қаласының Медеу аудандық сотында «Toyota Corolla» көлігін мас күйінде және жүргізуші куәлігінсіз жүргізгенін айтқан болатын. Ол Тәттібеков көшесінде «Renault Duster» автокөлігіне соқтығысып, автобус аялдамасына қарай ұшып кеткен. Сөйтіп аялдамада тұрған үш адамды қаққан. Руза Есімханова мен Мереке Әбенова ауыр жарақаттан қайтыс болды.

Айта кетейік, жол апаты 16 наурызда күндізгі бірлер шамасында Медеу ауданында болған. «Toyota Corolla» автокөлігінің жүргізушісі Тәттібеков және Коперник көшесінің қиылысында «Renault Duster» автокөлігімен соқтығысып, автобус аялдамасында тұрған үш адамды қағып кетті. Нәтижесінде 31 жастағы әйел сол жерде көз жұмды. Екінші келіншек ауруханада қайтыс болды. Ал, Манарбек Тоғжановтың аяғы сынып ауруханаға жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар