Алматыда Ауғанстан азаматы 11 жыл заңсыз тұрып келген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Келімсек» іс-шарасы барысында Алматыда 11 жыл бойы заңсыз тұрған Ауғанстан азаматы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі болғандай, 30 жастағы шетелдік осы уақытқа дейін жасырынып жүрген, жалғыз өмір сүріп, ешкіммен байланыс жасамаған. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша жауапқа тартылды.

Алматы қалалық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бүтіншинов заңнаманы өрескел бұзған шетел азаматы 14 қаңтарда басталған «Келімсек» алдын алу іс-шарасы кезінде анықталғанын айтты.

«Іс-шара Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзуды анықтауға бағытталған. Рейд кезінде шетелдіктер баратын нысандар, сондай-ақ олар уақытша тұратын орындар тексерілді. 4 күн ішінде көші-қон және жергілікті полиция қызметкерлері 629 шетелдікті тексерді. Нәтижесінде Қазақстанда болу ережесін бұзғаны үшін 25 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жеке басын анықтау үшін ПД-нің қабылдап-таратуы орталығына 35 шетелдік орналастырылды. Сонымен қатар біздің отандастарымыздың ішінен оларға көмектескен 34 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді ол.

Полиция мәліметтері бойынша, жедел-алдын алу шарасы барысында жеке құжаты жоқ Ресей Федерациясының 41 жастағы азаматы анықталды.

«Тексеру іс-шараларының нәтижесінде оның Қазақстан Республикасының аумағына 2010 жылы келгені және заңды мәртебесін әлі реттемегені белгілі болды. Сонымен қатар осы күндері Қазақстан аумағында бес жылдан бері құжатсыз жүрген Өзбекстанның екі азаматы анықталды. Бұл фактілер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданып жатыр», – деді Асхат Бүтіншинов.


Соңғы жаңалықтар