Алматыда ауа сапасын жақсарту үшін қандай шаралар қолға алынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы мәслихатының депутаттары атмосфералық ауаның сапасын жақсарту бойынша қоғамдық тыңдау өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы мәслихатының экология, туризм және қоғамдық кеңістікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссия қоршаған ортаның жағдайы мен атмосфералық ауаның сапасын бағалап, талдау жүргізді.

«Талдау көрсеткендей, азаматтардың басым бөлігі, соның ішінде балалар, жасөспірімдер және зейнет жасындағы адамдар тыныс алу органдарының ауруымен ауырады. Бұл ауадағы зиянды заттардың жоғары концентрациясына байланысты. Көлік - ластанудың негізгі эмитенттерінің бірі», - деді Алматы қаласы мәслихатының экология, туризм және қоғамдық кеңістікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Алтынай Көбеева.

Оның айтуынша, қоршаған ортаны жақсарту мәселелері Алматының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасына енгізілген.

Оның ішіне ЖЭО-2 жоғары тиімді сүзгілерді орнатуды ескере отырып газға ауыстыру, қ алада электр автобустары санының кезең-кезеңімен көбейту, өндірістік ластаушы кәсіпорындардың экологиялық мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу сияқты шаралар кірді.

«Алматының ауасы лас екені ешкімге құпия емес. Негізгі себеп - көлік құралдары, жылу электр станциялары, қатты тұрмыстық қалдықтар немесе жанатын заттар. Әрине, бұл мәселе экологтарды ғана емес, азаматтарымызды және бүкіл қоғамды алаңдатады. Қазір ауа бассейніндегі лас заттардың 60%-ын көліктен шығатын шығарындылар құрайды. Мысалы, бір автомобиль ауаға 200 ластаушы затты, оның ішінде көміртегі оксиді, альдегидтер, күйе, азот оксидтерін бөледі екен», - деп толықтырды депутат.

Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша, қалалық мобилділік басқармасына шығарындылар стандартына сәйкес келмейтін көлік құралдарының қозғалысын шектеу бойынша шара қабылдау ұсынылды.

Басқа мемлекеттік органдардың мәліметтер базасымен интеграциялау арқылы қалаға кіре берістегі экологиялық посттардың жұмыс процесін оңтайландыру, шығарылым нормаларына сәйкес келмейтін көліктердің қалаға кіруіне жол бермеу керектігі айтылды.


Соңғы жаңалықтар