Алматыда атаулы әлеуметтік көмек алатындар тағы 8 мыңға артады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жыл басынан Алматыда 20 мыңнан астам адамға 922 млн теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атаулы әлеуметтік көмек 4,2 мыңнан астам отбасыға, яғни 20 261 адамға 922 млн теңге көлемінде көрсетілді. Биыл барлығы 28 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға тек материалдық көмек пен қолдау ғана көрсетіп қоймай, мейірімділік пен қамқорлық танытуға тырысамыз», - дейді спикер.

Сонымен қатар еңбекке жарамды АӘК алушылар Жұмыспен қамту орталығына жіберіледі, орталықта оларға жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары отбасы мүшелеріне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын жағдайда отбасыларға АӘК төленетінін атап өтті.

«АӘК-тің негізгі алушылары – көпбалалы отбасылар, жалақысы төмен жұмыс істейтін азаматтар, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдардың күтімін жасап отырған отбасылар және басқа да аз қамтылған адамдар. АӘК төлемдерден басқа, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленетін отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет те қарастырылған. Жыл басынан бері 996 бала кепілдендірілген көмектің осы түрімен қамтылды, ал олардың отбасыларына 2 853 азық-түлік қоржыны берілді», - дейді Данияр Әлкебайұлы.

Сонымен қатар ол Алматы қаласы әкімдігі тарапынан көрсетілетін қолдаудың тізімі тұрғын үй көмегімен толыққанын жеткізді.

«Барлығы 1,2 мыңнан астам алматылық отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілді. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдердің басқа түрлерімен 14,7 мың қала тұрғыны қамтылды. Сондай-ақ 14,3 мың соғыс ардагері мен оларға теңестірілген ардагерлер де назардан тыс қалмайтынын атап өтікім келеді», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар