Алматыда «Асыл алма» жүлдесінің иегерлерін марапаттау шарасы өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 22 қаңтарда «Салауатты өмір салтын қалыптастыруға барынша жағдай жасап отырған ең үздік жұмыс берушіні» анықтайтын «Асыл алма» жүлдесі беріледі. Бұл туралы қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы хабарлады.

Байқау осымен 5-ші рет өткізіліп жатыр. Осы уақыт аралығында 250 кәсіпорын өз бағын сынап көрді.

Биылғы байқауға 57 компания атсалысқан. Олардың 12-сі қара үзіп, финалға шықты. Жеңімпаздардың аты 22 қаңтарда марапаттау салтанатында белгілі болады. Олар «Компания жұмысшыларының денсаулығын сақтауға қосқан үлесі үшін», «Халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесі үшін», «Әлеуметтік тұрғыдан маңызды аурулармен күреске қосқан үлесі үшін», «Салауатты өмір сүруге жарқын үлгі болғаны үшін» номинациялары бойынша марапатталады.

Қазылардың айтуынша, ең үздік команданы анықтау оңайға соқпай тұр. Бүгінде Алматыда 60 мыңға жуық кәсіпорын бар.

Көптеген кәсіпорындар салауатты өмір салтына қажетті жағдайды белсенді жасауда. Көпшілігінде жұмыс таңертеңгі жаттығудан басталады. Спорттық командалар қалыптасып, бассейн, демалыс бөлмелері ашылған. Көптеген жұмысшылар спорттық секцияларға қатысып жүр. «Осындай кәсіпорындардың арқасында Қазақстанның болашағы жарқын. Басшының спортқа деген, денсаулыққа деген белсенді көзқарасы ұжымның жемісті жұмысының кепілі», - деді «Асыл алма» байқауының ұйымдастырушылары.

Соңғы жаңалықтар