Алматыда астана күніне орай бірнеше білім мекемесі пайдалануға берілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда астана күніне орай 725 орынды екі мектептің жаңа корпусы, 120 орынды төрт мемлекеттік балабақша, сондай-ақ бірнеше жекеменшік білім беру мекемесі пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда орта білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік және жекеменшік мектептердің құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған білім беру нысандарына жаңа корпустар салынып, бірнеше мекемеде сейсмикалық шаралар күшейтілді. Бұл жыл соңына дейін 21 мыңнан астам жаңа оқу орнын ашуға мүмкіндік береді.

Астана күніне орай Бостандық ауданы «Орбита-1» ықшамауданында 600 орынды №60 гимназия ғимаратының жаңа корпусы ашылды.

Гимназияда кеңейтудің арқасында қосымша кабинеттер пайда болды және екі ауысымды оқыту мәселесі шешіледі.

Алатау ауданында жұмыс істеп тұрған №166 лицейге 125 орынды жаңа қосымша ғимарат салынды. Сөйтіп, оқушы орны 485-ке жетті.

Сонымен қатар, мегаполисте Астана күніне орай екі жекеменшік мектеп ашылды. Олар, Бостандық ауданы «Бағанашыл» ықшамауданында 60 орынды «COSMO PRIMARY SHOOL» бастауыш мектебі және қаланың Әуезов ауданында 130 орынды «АВС School» жеке мектебі пайлануға берілді.

Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша балабақшадағы орын тапшылығын төмендету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Наурызбай ауданы Ақжар ықшамауданында мемлекеттік тілде оқытатын №194 балабақшаның ашылуы өтті.

Балабақшаның жобалық қуаты 120 орын. Сондай-ақ 40 жаңа жұмыс орны құрылды.

Алматы қаласы Наурызбай ауданы «Таусамалы» ықшамауданында 40 жаңа жұмыс орнын құрумен 120 балаға есептелген №193 жаңа мемлекеттік балабақша ашылды.

Алматы қаласында мектепке дейінгі білім беру ғимараттарын салуға бос жер учаскелерінің жетіспеуінен, әкімдік жалпы білім беретін мектептердің аумақтарында жаңа балабақша салу туралы шешім қабылдады.

Бұл балабақшалардағы орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге, әр балаға үйдің жанындағы мектепке баруға мүмкіндік береді.

Наурызбай ауданы «Таусамалы» ықшамауданында №186 мен №187 жалпы білім беретін мектептердің аумағында әрқайсысы 120 орынды екі жаңа балабақша ашылды.

Түрксіб ауданында мемлекеттік білім беру бойынша 68 балаға арналған «Адель» жекеменшік балабақшасы ашылды.

«Біз жеке меншік балабақшада балаларға білім мен тәрбие беруге мемлекеттік қолдау алдық. Балаларды екі жастан бастап қабылдаймыз. Бұл орыс балабақшасы, бірақ балаларға қазақ тілімен ағылшын тілдерін де үйретеміз. Мемлекеттік бағдарламалардан басқа, білім беру жобалары да бар», – деді балабақша басшысы Лариса Ли.

Алматы қаласы Бостандық ауданында тағы бір «ALGABAS-3» жекеменшік балабақшасы ашылды. Аталған балабақша мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді.

2021 жылдың басынан бері Алматыда 1,7 мың орынды 30-ға жуық жекеменшік ұйымдары ашылды. Жыл соңына дейін тағы да 5 мың орынды 35 жеке балабақша ашу жоспарда. Мемлекеттік тапсырыс 20 441 орынға 397 мектепке дейінгі ұйымға орналастырылды.


Соңғы жаңалықтар