Алматыда әскери қызметкерлер Президент Жолдауын ден қойып тыңдады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын ден қойып тыңдады.

Президенттің сөзін ой елегінен өткізуге залға 500-ден аса әскери қызметкер жиналды.

«Бүгінгі айтылған Жолдауда өте өзекті мәселелер қозғалды. Күнделікті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін әскери қызметшілер үшін де көптеген әлеуметтік мәселелердің, жалақы, баспана, материалдық қамтудың маңызы аса жоғары. Халықтың болашағы, несібесі қандай болады? Қандай бағытқа баса назар аудару керек? Осы жайттар әскерилерді де толғандырады. Көтерілген мәселелер сенім тудырып, өз қызметімізге деген көзқарасымызды өзгертіп, жауынгерлік дайындығымызды көтеріп ел тыныштығына үлес қосуға ынталандырды.

Бүгінгі күні «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Елбасымыздың өткен жылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындауда өзінің зор үлесін қосып отыр. Осы жылы сардарлар мен сарбаздар Наурызбай ауданындағы сел зардаптарын жоюда көмек көрсетті. Әскерилер әрдайым қиын сәтте халыққа, қоғамға көмек көрсетуге әзір», - деді ҚР Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы жетекшісінің орынбасары Нұрбай Бектұрсынов.

Айта кету керек, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа кезекті Жолдауын жеткізді. Өз сөзінде Елбасы күрделі экономикалық ахуал жағдайында ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді.

Соңғы жаңалықтар