Алматыда «Ashyq» арқылы «қызыл» мәртебесі бар 5515 адам анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Ashyq жобасының арқасында «қызыл» мәртебесі бар 5500-ден астам тұрғын анықталды. Мұндай деректі қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов онлайн брифинг барысында келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры бұл жоба санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселелерінде өзінің тиімділігін көрсететінін атап өтті. Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметтері бойынша 2021 жылдың 9 сәуірінен 17 тамызына дейін сканерлеу нәтижесінде 5515 тұрғынның «қызыл», «сары» - 735 мәртебесі расталды.

«Жалпы алғанда, Ashyq жобасына қатысушыларды кеңінен қамтудың арқасында өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушыларды анықтау көрсеткіші 15 есеге өсті. Күн сайын республика бойынша «қызыл» мәртебесі бар 2000-нан астам келуші анықталады», – деді Айтуар Қошмамбетов.

Айта кетейік, «қызыл» мәртебе жүріп-тұрудың шектелгенін, үй жағдайында оқшаулау режимін қатаң сақтау қажеттігін білдіреді. Мұндай мәртебесі барлар амбулаториялық бақылауда болады. Осы мәртебесі бар адам анықталған жағдайда тиісті бақылау органдары әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салуға құқығы бар.

«Шектеу және карантиндік шараларды бұзған жобаға қатысушыларға әкімшілік шара қолданылып жатыр. Алматы қаласында «қызыл» мәртебесі бар 870 адамға жеке оқшаулау режимін бұзғаны үшін 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», – деді спикер.


Соңғы жаңалықтар