Алматыда ашылған нысандарда санитарлық талаптардың бұзушылықтары анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ашылған нысандарда санитарлық нормалардың бірқатар бұзушылықтары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдік, полиция департаменті, СЭС және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы сұлулық салондары, ірі азық-түлік сататын базарлар, супермаркеттер мен техника дүкендерін тексерді.


Тексеру кезінде комиссия санитайзерлер мен тепловизорларға назар аударды. Сонымен қатар, келушілер мен сатушылардың жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуін қадағалады ( маска, қолғап). Қашықтықты сақтайтын арнайы белгілердің орнатылуын тексерді.

Рейд барысында санитарлық талаптарды орындамағандар көптеп кездесті. Мәселен,орталық әмбебап дүкенде сатушылар қолғапсыз жұмыс істеді, кіреберіске санитайзер мен тепловизор орнатылмаған. Сөрелерде қапталмаған нан өнімдері болды.

Дәл осындай көріністі «Көк базардан» да байқауға болады. Мұнда да санитарлық талаптар сақталмаған.



«Барлығын тездетіп ретке келтірулеріңізді сұраймын. Мұнда бір жақты қозғалыс болуы керек. Адамдар топталып жиналып қалмауы тиіс. Әлеуметтік қашықтықты сақтаңыздар. Дезинфекциялық туннельдер орнатылуы керек. Тепловизорларыңыз істен шыққан. Резервте басқасы болуы шарт. Мен мұны өрескел бұзушылық деп санаймын», - деді қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.


Сонымен қатар, комиссия мүшелері келушілер ғимаратқа кірген кезде антисептиктерді қолдануы керектігін айтты. Ал күзет осының бәрін қадағалап, ескертіп отыруы қажет.

Ал сұлулық салондарындағы қызметкерлер санитарлық талаптармен толық таныс болмай шықты.

«Қызметкерлер маскаларды қаншалықты жиі ауыстыру керектігін білмейді, әр 20 минут сайын дейді. Іс жүзінде әр 2-3 сағат сайын ауыстыру керек. Олар сондай-ақ ауыз бен мұрынды толығымен жабуы қажет. Шеберлер арасындағы қашықтық 1,5-2 метр болуы тиіс», - деп түсіндірді қаланың бас санитар дәрігері сұлулық салонының әкімшісіне.



Жандарбек Бекшиннің айтуынша, анықталған кемшіліктер бойынша хаттамалар толтырылады.

«Анықталған бұзушылықтар, ескертулер мен кемшіліктер негізінде аудандық бас санитар дәрігері хаттама толтырады. Сонымен қатар, біз көрсеткен кемшіліктерді жою тапсырылды. Айыппұлдың мөлшері төрт миллион теңгеге жетеді. Түрлі жеңілдіктер бар, егер айыппұл бір апта ішінде төленсе, онда оның мөлшері 50% дейін қысқарады. Мұның бәрі бизнестің қай категорияға жататынына байланысты»,– деді Бекшин.


Оның айтуынша, мониторинг тобы тек қалада ғана емес, аудандық әкімдіктерде де құрылған. Бүгінгі таңда 3000-нан астам нысан тексерілді, 91 объекті бойынша өрескел заң бұзушылықтар анықталып, әкімшілік айыппұлдар салынды.

Бұған дейін, Алматы қоғамдық көліктерде рейдтер жүргізілетіні туралы хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар