Алматыда ашық аспан астындағы көрме ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы мұражай базасында бірегей мәдени жоба - ашық аспан астындағы көрме ашылды.

Аталған мәдени алаңда Қазақстанның белгілі мүсіншілері Вагиф Рахманов, Эдуард Казарян, Шоқан Төлеш, Асқар Есдәулетов, Руслан Ақанаев, Молдақұл Нарымбетов, Георгий Трякин-Бухаровтың арт жобаларына құралған 22 мүсіндік композициялар орын алды. Мүсін саябағының басты ерекшеліктерінің бірі - түнгі уақытта мүсіндерді жарықтандыру күн энергиясы батареялары арқылы жүзеге асады. Мұражай өкілдерінің айтуынша, елімізде дамып келе жатқан балама энергетиканың мүсін саябағында қолданыс табуы үлкен жаңашылдық болып табылады. Алматы әкімі Алматының 2014 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жариялануы барысында бұл мәдени оқиғаның үлкен мәнге ие екендігін атап өтті. Мегаполис басшысы қаланың мәдени тұжырымдамасы саясатында мұндай обьектілер құрамдас бөлік болып табылатындығын да жеткізді. Жоба қала демалысында ішкі мұражай кеңістігін кеңейте түседі деді. Қалада All-day режимінде жұмыс істейтін нысандар қатарында бұл мұражайды тегін тамашалауға болады. «Алматы өзінің Қазақстанның мәдени орталығы екенін тағы дәлелдеп отыр және ТМД кеңістігі аясында да басты мәдени орталық мәртебесіне ие екендігін көрсетуде. Алматыда 228 мәдени ұйым шоғырланған. Биыл Алатау ауданында салынып жатқан киноконцерт залының да құрылысы аяқталады, ол соңғы 45 жыл ішінде салынған алғашқы мәдени нысан», - деді Ахметжан Есімов. Шара соңында қала басшысы көрмеге келген барлық мүсіншілерге, суретшілерге, шараны ұйымдастырушыларға Алматының мәдени дамуына үлес қосқандары үшін шынайы алғысын білдірді. «Мүсіндер экспозицияларының қоғамның барлық жастағы адамдарының бойында сурет өнеріне деген қызығушылықты арттыратынына және қазақ ұлттық көркемсурет өнері мектебін одан әрі насихаттауға ықпал ететініне сенімдімін», - деді Ахметжан Есімов. Айта кетейік, «Мүсіндер саябағы» жобасы Алматы қаласының әкімдігінің ынтымақтастығы мен Казкоммерцбанктің және «Құс жолы» қайырымдылық қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асты.

Соңғы жаңалықтар