Алматыда ашық аспан астында сақ мәдениетінің музейі салынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тағы бір жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігі мен екінші деңгейлі бір банк Розыбакиев-Штраус-Есқараев-Радостовец көшелері қиылысындағы 2,7 га жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі келісімге қол жеткізді.

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында сақ қорғаны орналасқан аумақта жаңа мәдени орталық құру жоспарланған. Ашық аспан астындағы музей келушілерді Қазақстан жерін мекендеген ертедегі көшпенділердің бай тарихымен таныстырып, қаланың жаңа туристік көрнекі орнына айналады.

Жоба барысында біздің эрамызға дейінгі V ғасырда пайда болған жартылай қираған қорғандар, тас қоршаулар, оның жоғары жағындағы сақиналарды қалпына келтіру жоспарланған.

Сәулет ескерткішінің іш жағында артефактылар сақталған  бөлмелер, ертедегі көшпенділердің тарихы мен мәдениетін паш ететін  географиялық кино көрсететін аудиовизуалды залдар болады. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматы әкімдігінде ел Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға орай кеңес өтіп, онда Розыбакиев көшесі бойындағы «Мега» сауда орталығы маңынан  табылған сақ ескерткішінің орнына ашық аспан астындағы музей салу жөнінде ұсыныс айтылған еді.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек бұл ұсынысты қолдап, жерді мемлекет меншігіне қайтарудың механизмін ойластыруды тапсырған болатын.

«Мен жерді меншіктеген жандар өз тарихымызды біледі және құрметтейді деп ойлаймын. Біз кейде  тарихымыздың жойылып бара жатқанын да байқаймыз, ал бұл орны  толмас рухани, мәдени және экономикалық зиян шектіреді. Әрине, асфальт төсеп, бірдеңені салуға болады, бірақ әкімдікке қайтарса, пайда зор болатыны анық», - деген еді  Бауыржан Байбек.

Айта кету керек, кеше «TURKUAZ GROUP OF COMPANIES» компаниясы өз еркімен «Южный» саябағында тұрғын үй кешенін салатын жер учаскесін мемлекет пайдасына қайтарған еді.

Бұдан бұрын әкімдіктің қаулысымен Қазақстанның «Атакент» іскерлік орталығымен 23 гектар жерді уақытша жалға беру келісімінің күші жойылды. Кейін басқарушы компания жеке меншіктегі тағы да сегіз гектар жерді тегін қайтару жөнінде міндеттеме қабылдады.

Алматыда осы апта ішінде қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылған Баум бағын абаттандыру басталды. Жүргізілген мониторинг барысында 2,5 гектар жерді өз беттерінше басып алғандар анықталды. Мегаполис басшысы заңға сүйене отырып, басып алған  бауды қайтаруды және жасылдандыру жүргізуді тапсырды.

Бұлардан өзге, Алматы әкімдігі қала ипподромы мен «Сайран»автовокзалын тарихи- мәдени мұраның алдын- ала жасалған тізіміне енгізді. Осы сәттен бастап ғимараттың сыртқы келбетін өзгертуге, ішін қайта жоспарлауға, мақсатты пайдаланылуын ауыстыруға, қорғалатын аймақты бұзуға тыйым салынады. Ғимаратты жаңарту және жөндеу жұмыстарының барлығы өкілетті органның келісімімен ғана жасалады.

Соңғы жаңалықтар