Алматыда әртістер мен блогерлер қатысқан тойдың видеосы тексерілуде

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде қазақстандық танымал жұлдыздардың қатысуымен өткен тойдың видеосы тарады. Бұл фактіні Алматы қаласының мониторингілік тобы тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видеодан кеш Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиеваның ұлы әнші Диас Аблаевтың туған күніне орай ұйымдастырылғанын аңғаруға болады. Шараға қатысушылар арасында Әли Оқапов, Индира Еділбаева, Гүлназ Жоланова мен бірнеше Instagram-блогер бар.

Қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Алматының мониторингілік тобы қазір бұл деректі зерттеп жатыр.

«Материал мониторинг тобына жіберілді. Іс-шара қай жерде өткенін анықтаймыз», - деді Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Оның айтуынша, егер карантин талаптары бұзылғаны анықталса, мекеме иесіне 670 910 теңге (230 АЕК, 1 АЕК - 2917 теңгеге тең), ал жеке тұлғаларға 87 510 теңге (30 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.

Еске салайық, бұған дейін әнші Қайрат Нұртасқа карантин талабын бұзғаны үшін айыппұл салынған болатын.


Соңғы жаңалықтар