Алматыда «Арт-Шығыс базары» қолөнер жәрмеңкесі өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Орталық мемлекеттік музейде «Арт-Шығыс базары» қолөнер жәрмеңкесі ашылды. Жәрмеңкеде ерекше Жаңа жылдық сыйлық сатып алуға болады, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жәрмеңкеге авторлық қолөнер бұйымдары қойылған. «Сыйлық айрықша болуы керек. Қолданбалы өнер өнiмдерi - алуан түрлі форма, идея мен стильдердің тоғысуы. Келушілердің назарына ұлттық киімдер, күмістен жасалған сәндік бұйымдар, музыкалық аспаптар, табиғи материалдардан жасалған кәдесыйлар, киіз және жібек өнімдері, кенеппен салынған картиналар мен Жаңа жылдық ойыншықтар ұсынылды», - деді ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ көрме-жәрмеңке барысында музей қонақтары үшін қыш ыдыс жасаудан шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Оны әйгілі қазақстандық суретші-керамика шебері Алиасқар Мұсаев өткізді. Ал О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің студенттері киіз бен батикті пайдаланып бұйым жасауды үйретті.

Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Ресейден 150 шебер қатысты. Орта Азия елдерінің өнер және қолөнер шеберлері Алматыда 16-рет кездесіп отыр. Мұнда шеберлер тәжірибе алмасып, әріптестік шеңберін кеңейтеді.

«Арт-Шығыс базары» қолөнер жәрмеңкесі 2 желтоқсанға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар