Алматыда «Арғымақ» журналының тұсаукесері өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жылқы тақырыбына арналған «Арғымақ» журналының ресми тұсаукесері өтті. Көпшілікке арналған танымдық басылымның ашылғанына биыл бірінші жыл.

Осыған дейін 3 мың таралыммен бірнеше нөмірі қалың оқырманға жетіп үлгерді. Басылымның шығарушы редакторы Бағдат Мұхтарұлы оқырман тарапынан сұранысты ескере отырып, келер жылы таралым санын 5 мыңға дейін арттыру көзделіп отырғанын айтты.

«Біздің жаңа басылымды шығарудағы негізгі мақсатымыз - жылқы шаруашылығын дәріптеу, қараусыз қалған қазақ жылқысының тағдырына алаңдау, қазақ жылқысының жырын жырлау, ұлттық ат спортының түгелін түгендеу. Бүгінде жылқыға жақын халықпыз деп айтамыз. Жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақ қазір әлемде жылқы жөнінде ең соңғы орындамыз. Осы біздің қабырғамызға батты. Неге осындай күйге түстік? Жылқы шаруашылығын дамытуда заманауи жүйелі жұмыс болмады. Әлемде ұлттық брендке айналып жатқан жылқы индустриясы, туризмі, терапиясы деген ұғымдар бар. Жылқының арқасында табыс тауып отырған елдер бар. Біз осы елдерге жету үшін қандай жұмыс жасауымыз керек? Осы мәселені көтере отырып, халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болсақ деген ниетпен журналды ашып отырмыз. Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі аралықта атбегілікпен айналысып жатқан көнекөз қарияларымыз бар. Солардың ойын, тәжірибесін жеткізсек дейміз. Қазір оқырмандар тарапынан жақсы сұраныс бар. Келер жылы таралымды 5 мыңға жеткізсек деген ойымыз бар», - деді Бағдат Мұхтарұлы.

Оның айтуынша, қазір аталған тақырыпта өзекті мәселелер өте көп. Айталық, қазақ жылқысының алысқа шабатын жүйрік тұқымын шығару, ат спортын дамытудың әлемдік стандарттарының бірі ипподром салу, шабармандарды оқыту жүйесін қалыптастыру, жылқы өнімі: қазы мен қымызды патенттеу сияқты тұтас индустрияны қалыптастыру үлкен ғылыми зерттеуді талап етеді.

Қазір басылымның шығармашылық ұжымы аталған салада тер төгіп келе жатқан ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр.

Қазақ радиосының белді журналисі Бақыт Жағыпарұлы қаптаған арзанқол журналдардың ішінде айтары салмақты «Арғымақ» журналының қатарға қосылғаны үлкен қуаныш екендігін жеткізді.

Игі шара қазақ дәстүрлі ән өнерінің өкілдері Ардақ Исатай, Айгүл Қосанова, Рамазан Стамғазы, күйші Мұрат Әбуғазының құттықтауымен жалғасты.

Соңғы жаңалықтар