Алматыда әр аулаға бейнебақылау жүйесі орнатылатын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Қауіпсіз аула» бағдарламасының таныстырылымы болып өтті. Отырысқа қала басшысы Ахметжан Есімов қатысты.

Аталмыш жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге аспақ. Алғашқы бейнебақылау жүйесі Алатау ауданының «Ақбұлақ» шағын ауданында орнатылған.

Қала басшысы мұндай бағдарламаның жүзеге асуы түрлі бұзақылық пен ұрлықтың алдын алуға көмектеседі деп санайды.

«Бейнебақылау жүйесі әр аулада орнатылуы керек. Бұл түрлі қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді. Ең алдымен жұмысты муниципалды үйлердің қасындағы территориялардан бастау керек. Басты назарға жаңадан салынған тұрғын үйлердің маңайы алынатын болады», - деді қала әкімі.

Ахметжан Есімов адам көп шоғырланған жерлерде бейнебақылау жүйесінің тиімділігі өте жоғары екендігін атап өтті.

Қалалық ІІД басшысы Серік Күдебаев «Қауіпсіз аула» бағдарламасының енгізілуі қаладағы қылмыстық оқиғалар көрсеткішінің 25-30 пайызға азайтуға көмегін тигізетінін айтты.

Соңғы жаңалықтар