Алматыда әр алынған бордюр үшін есеп берілетін болады - қала әкімі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек кеңейтілген кеңес барысында жол жөндеудің жаңарған жоспарын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысы тұрғындарға қолайлы болу үшін жұмысты барынша сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды бұйырды.

Қазірдің өзінде барлық мердігерлік ұйымдар арнайы жасалған қоршауларды алды. Әр нысанда мердігер-компания директорының, жұмысқа техникалық бақылау жасайтын және аяқталу мерзімін қадағалайтын ұйымдардың байланыстары көрсетілген паспорт орнатылады.

Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов әр көше бойынша ақау актісі жасалғанын айтты.

Соған сәйкес әр көшедегі бұзылмаған бордюрлер Наурызбай және Алатау ауданына жіберіледі.

«Биыл жөнделетін әр көше бойынша біз ақау актісін жасадық. Алынған бордюрлер қайта қолданысқа кетеді. Олар жөндеу қарастырылмаған көшелерге тротуар, пандус ретінде жаратылады. Барлық тиісті ақпарат әкімдіктің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауының порталында жарияланады» - деді ол.

Байбектің тапсырмасымен аудандық әкімдіктер тротуарларды тексерді. Болашақта жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіріп отырған жабайы сауда орындары түгел алынады.

Айта кету керек, Алматыда 2018 жылы ұзындығы 155 шақырым болатын 157 көше жөнделеді. Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көшелеріндегі трамвай жолдарын алып тастау қарастырылған. Жол жиегіндегі тротуарлар абаттандырылып, арықтар жаңарады.

Соңғы жаңалықтар