Алматыда апатты мектептерді жою қолға алынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда апатты мектептерді жою және үш ауысымды оқудан арылу үшін жаңа нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәлім етілгендей, «Шетсіз қала» қағидатын ескере отырып, Алматыда сапалы және қолжетімді білім беру қызметтерін ұсыну бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Орта білім беру саласында апатты мектептерді жою және үш ауысымды оқудан арылу мәселесі ерекше бақылауға алынды.

Мысалы, Түрксіб ауданындағы №59 мектеп-гимназия (1939 жылы салынған) апаттық жағдайда деп танылған. Қазіргі уақытта қолданыстағы ғимаратты қайта салу бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Ал құрылыс-монтаждау жұмыстары 2021 жылы басталады.

Сондай-ақ Алатау ауданындағы №196 жалпы білім беретін мектепте оқушылар саны артқаны атап өтілді.

«Қазір қашықтан оқу кезінде бұл мәселе айтарлықтай өзекті болып тұрған жоқ. Алайда мектептің жұмысы штаттық режимде қайта басталғанда үш ауысымда оқу жалғасады. Сондықтан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында осы мектептің орнына 2021 жылы 1500 орындық жаңа мектеп салынады», - деп хабарлады ол.

Сонымен қатар, аудандар бөлінісінде жүргізілген талдау кейбір жағдайларда орын тапшылығы жасанды түрде туындап отырғанын көрсетті. Басқарманың мәліметінше, ата-аналар балаларын гимназияға беруді жөн көретіні және жалпы білім беретін мектептерде орын профициті пайда болу мысалдар бар. Осыған байланысты аудан басшыларының жұмысын күшейту бойынша тиісті тапсырмалар берілді.


Соңғы жаңалықтар