Алматыда «Анна Каренина» трагедиясының тұсаукесері өтті

None
None
 АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда  Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында "Анна Каренина"  трагедиясының тұсаукесері  өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қойылымға орыс жазушысы Лев Толстойдың "Анна Каренина"  шығармасы арқау болған. Туындыны қазақ тіліне аударған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, режиссері Қазақстанның халық әртісі, профессор - Есмұхан Обаев. Режиссер әлемге танымал туындының бұл сахналық нұсқасы әйелдің тылсым жанына ғана емес, жұбайлар жұмбағы, ана мен бала, достық пен сатқындық, махаббат пен өшпенділік сынды ұғымдарға терең бойлауға мүмкіндік береді дейді.

Қойылымда Анна Каренинаның жанайқайы, өзімен өзі арпалысқа түскен, өткен өмірі де, болашағы да бұлыңғыр әйел тағдыры бейнеленеді. Қойылымның негізгі жеткізер ойы да осы. Актерлер көрермендермен тығыз байланыса отырып, аталған туындыны барынша шынайы жеткізе білді.

Естеріңізге сала кетсек, Анна Каренина рөлін ҚР "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина, Алексей Каренин рөлін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай, Алексей Вронский рөлін Н.Қуанышбайұлы өз деңгейінде сомдап шықты. Қойылымның соңында көрермен ыстық ықыласын үздіксіз қол шапалақпен білдірді.

Айта кетейік, қойылым тұсаукесері 24 және 25 қараша күндері де жалғасады.

Соңғы жаңалықтар