Алматыда алтын мен ақша ұрлаған бір топ баукеспе ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық полицейлер пәтерлерді тонап жүрген ұрыларды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, топ мүшелерінің үшеуі 32-45 жас аралығындағы шеттен келген ер адамдар, соның екеуі бұрын ұрлық үшін сотталған болып шықты. Оларды ұстау бойынша арнайы операция кеше Алмалы ауданында жүргізілді.

«Анықталуынша, күндіз пәтер иелерінің үйде болмайтынын пайдаланып, күдіктілер қаланың қақ ортасындағы тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің біріне ұрлыққа түсіп, алтын бұйымдар мен ірі мөлшердегі ақшаны қолды еткен», - дейді Алматы қылмыстық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Оның айтуынша, операция кезінде ұрылар жасырынып үлгерген, бірақ олардың Тұрғыт Өзал және Қарасай батыр көшелерінің қиылысында тоқтатылған машинасынан заттай айғақтар табылған.

«Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - дейді Е. Ысқақов.

Басқарма бастығы осы қылмыстық топтың осы сияқты тағы үш қылмысы дәлелденгенін жеткізді. Қазір қылмыстық топ мүшелерінің бәрі ұсталып, тергеу оқшаулағышына қамалды.

Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар