Алматыда алкогольсіз сергіткіш сусындардың пайдасы мен зияны талқыланды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Кедендік одақтың сергіткіш сусындарын реттеу» халықаралық ғылыми-білім беру конференциясы аясында «Алкогольсіз сергіткіш сусындар туралы дақпырттар» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтуде. Оған Кедендік одаққа мүше елдердің медицина мен тамақтану саласының беделді әрі тәуелсіз сарапшылары, сондай-ақ осы салаларда қызмет атқаратын өндірістік кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысуда.

«Бүгінгі басқосуда сергіткіш сусындардың айналымын нормативтік тұрғыда реттеу мәселелері талқыланып жатыр. Басты мақсат - тұтынушылардың, әсіресе, жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын қорғау. Өйткені қазіргі таңда сергіткіш сусындар танымал болып бара жатыр. Сол үшін оларды шектен тыс пайдаланудың зиянды екендігін тұрғындарға барынша түсінікті етіп жеткізуіміз керек», - деді өз сөзінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Әйгерім Сәдубаева.

Ол сонымен Қазақстанда алкогольсіз сергіткіш сусындарға қатысты бірқатар шектеулердің бар екендігін жеткізді.

«Мұндай сусындарды қандай мөлшерде қабылдаған жөн? Қазақстанда және Кедендік одаққа мүше басқа да елдерде заңнмалық тұрғыда сергіткіш сусындардың құрамы, компоненттері және ондағы кофеиннің мөлшеріне қатысты нормалар бекітілген. Біз соған сәйкес тұрақты түрде мониторинг және зертханалық зерттеулер жүргізіп тұрамыз. Қазір елімізде мектепке дейінгі мекемелерде, мектептерде, орта кәсіптік-техникалық және жоғары оқу орындарында алкгольсіз сергіткіш сусындар сатуға тыйым салынған. Сондай-ақ жасөспірімдер мен жастардың қатысуымен өтетін мәдени шаралар барысында да мұндай сусындарды сатуға болмайды. Ал құрамына келер болсақ, мысалы, бір литр сусында кофеиннің мөлшері 400 миллиграммнан аспауы тиіс», - деді Әйгерім Сәдубаева.

Бас қосқан мамандардың айтуынша, алкогольсіз сергіткіш сусындарға қатысты дүдәмал түсініктемелер екі себепке байланысты орын алып отыр. Біріншіден, бұл сусындарды алькогольді сергіткіштермен құрамы жағынан да, әсер етуі жағынан да, тұтыну жағынан да салыстыруға болмайды. Екіншіден, көпшілік жұрт бұл сусындардың құрамына нақты қандай заттар бар екенінен хабардар болуы қажет.

«Екі жағдайда да дүдәмал түсініктер өндірушілердің көпшілікті уақытында жеткілікті хабардар етпеудің салдарынан орын алып жатыр», - дейді мамандар.

Айта кетелік, 2010 жылы РФ парламенттік фракцияларының бірі алкогольсіз сергіткіш сусындарға шектеу қою туралы бастама көтерген болатын. Ізінше, аталмыш шектеулер Қазақстан және Беларусь елдерінде талқылана бастады, ал бұл ел экономикасында және тұтынушылар өмірінде өзінің лайықты орнын алып жатқан аталған сусындар нарығына кері әсер еткені сөзсіз.

Шараны Алкогольсіз сусын өндірушілері қауымдастығы ұйымдастырды. Бұған «Атамекен» ҰКП қолдау көрсетті.

Соңғы жаңалықтар