Алматыда алимент төлемей қашып жүргендерге іздеу жарияланды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда алимент төлемей қашып жүрген 120 азаматқа іздеу жарияланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Әділет департаментінің басшысы Абай Арап айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай Арап алимент деген бір адамның оны алуға құқығы бар екінші тұлғаға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қамтамасыз етуі екенін айтты. «Алимент өндіріп алу туралы 14 мың атқарушылық істің 60% - дан астамы мерзімді өндіріп алуда, яғни сот орындаушылары «атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 93-бабының негізінде алимент бойынша ұстап қалуды борышкердің жалақысынан жүргізеді», - деді спикер.

Оның айтуынша, алимент өндіруде де қиындықтар бар.

«Жыл басынан бері 300-ден астам адамды іздестірген болсақ, қазір 120-сы іздеуде. Қалғандарының барлығы анықталып, оларға мәжбүрлеу шаралары қолданылды. Яғни, қылмыстық және әкімшілік жауапқа», - деді ол.

Бұған дейін спикер Алматыда алимент төлемеген 81 әке қамауға алынғаны туралы айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар