Алматыда Әлихан Бөкейхан туралы энциклопедия таныстырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағы мен алаш қайраткерінің тұлғалық энциклопедиясы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Алаш» ғылыми-зерттеу институты бұл басылымды Алматы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шығарды.

Әлихан Бөкейханның шығармаларының 15 томдығы 5 мың тиражбен басылып шықты. Бүгінде бұл кітаптың біразы Қазақстан бойынша көптеген кітапханаларға, ЖОО кітапханаларына таратылды.

Әлихан Бөкейхан шығармаларында әр жылдары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген мақалалары, ғылыми зерттеулері, 1897-1901 жж. Қазақ облыстарын зерттеген «Щербина экспедициясының» материалдары, Л.Толстой шығармаларынан аударған әңгімелері, өтініштері, хаттары және хаттамалары қамтылған.

15 томдық жинақта сондай-ақ Ә. Бөкейханның баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары, азанамасы (некролог), корреспонденциялар, жеделхаттар, сөйлеген сөздері, әдеби сын, фольклорлық зерттеу, ашық хаттары, саяси сатиралары, әңгімелері, фельетондары бар. Ә. Бөкейхан іздеп жариялаған архив құжаттары, монографиялары, хаттары, жазбалары, тарихи-анықтамалық очерктер, естелік, саяси шолу, үндеулері топтастырылған. Қайраткердің Батыс майданнан берген хаттары, Алашорданың, Бүкілресейлік уақытша үкіметтің заңнамалық қаулылары, бұйрықтары, хаттамалары, басқа да ресми құжаттар, Ресей уақытша өкіметінің комиссары ретінде шығарған бұйрықтары мен жеделхаттары, пікірлері, сонымен қатар мақалаларының ҚР Ұлттық кітапханасымен бірлесіп жасалған библиографиялық көрсеткіші бар.

«Бүгінгі шара - тарихи шара, тәуелсіздік жолында тұрған мемлекетке лайықты іс шара. Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ оқығандары, зиялылары не үшін бұлай жасағанын, не үшін жазаланғаны, атылғанын да жақсы білген. Білмеуі мүмкін емес. Басында олар сондай кедергілер болатынын білген. Күрес жолына түскенін ұқты. Оған Әлиханның артында қалған мұралары, ең соңғы хаттамалары куә болады. Әлихан халқы үшін құрбандыққа барды», - деді ҚР ҰҒА академигі, профессор, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді.

«Әлихан Бөкейхан» тұлғалық энциклопедиясына алаш қайраткерінің өмірбаяндық деректері, қайраткерлік қызметі, ғылыми, публицистикалық, аударма мұралары туралы мақалалар енгізілген. Кітапта Алаш қозғалысына қатысты мағлұматтар, Алаш қайраткерлерінің өмірбаяндары, сондай-ақ ғалым жөнінде жазылған еңбектер мен олардың авторлары туралы да мәліметтер берілді.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы өзінің «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында тарихи танымды тереңдетудің маңыздылығын атап өткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар