Алматыда алғашқы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тұңғыш физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды.

Оқу ордасының салтанатты ашылу рәсіміне қала басшысы Ахметжан Есімов, қалалық Білім басқармасының басшылығы, «Өркен» білім грантының иегері атанған мектеп оқушылары, олардың ата-аналары, сондай-ақ өңірдегі ғылыми-педагог қызметкерлер қатысты.

«ХХІ ғасыр - ғылым кеңістігіндегі бәсеке ғасыры екендігі рас. «Білімді мыңды жығады» деген халық даналығын дәлелдейтін уақыт келді. Ол үшін мемлекет тарапынан сіздердің білім алуларыңызға барлық жағдай жасалған. Республика көлемінде заманауи құралдармен жабдықталған Назарбаев зияткерлік мектептері көптеп ашылуда. Мемлекет техникалық саланы меңгеруге бейімі бар дарынды балаларға бірегей мүмкіндік беріп отыр. Олар әлемдік және қазақстандық үздік оқу бағдарламалары бойынша білім алады. Биылғы жылдың Алматыда білім жылы болып жарияланғанын өздеріңіз де білесіздер,. Сонымен қатар, жаңа мектеп Астана күні қарсаңында бой көтеріп отыр. Мен сіздердің білікті азамат болып шығатындарыңызға сенемін», - деді қала басшысы Ахметжан Есімов өз сөзінде.

Ашылу салтанатынан кейін балаларға физика, химия, робот техникасы, оқу телестудиясы, оранжерея, кітапхана, акт залы және басқаларды көрсету жоспарланған кампус-тур ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, оқушылар Hohenloher инновациялық оқу жабдығымен танысты. Зертхананың атқарымдылығы мен кеңдігі классикалық сабақтар мен дәрістерді де, командалық тәжірибелік сабақтарды да өткізуге мүмкіндік береді. «Nawis» ілме коммуникациялық жүйесі газбен, электр қуатымен, сумен, жарықпен және интернетке қосуды қамтамасыз етеді.

«Орынжайдағы жиһаз еденге бекітіліп орналастырылмаған, өткізілетін сабақтың нысанына байланысты жеке-жеке басқа орындарға ауыстырылады. Бұл оқылып жатқан материалды меңгеруде көрнекілік пен тиімділікке қол жеткізеді», - деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ баспасөз хатшысы Әйгерім Қали.

Аталған білім ордасына қабылдануға 7052 оқушы ынта білдірген. Байқау барысында бір орынға 9 үміткерден келді. Олардың ішінде 672 оқушы топ жарып, «Өркен» білім грантына ие болды.

Жаңа оқу жылында тағы да 96 бала 7 сыныпқа қабылданатын болады. Конкурстық іріктеу 20-21 маусымда Cito педагогикалық өлшемдер институты және CTY Джонс Хопкинс университетінің Дарынды жастар орталығымен бірлесе отырып өткізілген.

Тек қана оқушылар ғана емес, ұстаздар да іріктеуден өтті. 2014-2015 оқу жылында өтініш берген 518 үміткердің арасында 157 мұғалім жұмысқа қабылданды.

Жаңа мектеп 864 орынға есептелген. Мектептегі 75 оқу сыныбының ішінде математика, интеграция, техникалық модельдеу кабинеттері, нано, биотехнологиялар, робот техникасы, физика, химия, биология зертханалары, сондай-ақ жеке сабақ беру және психология кабинеттері бар.

Спорт корпусында үлкен және кіші зал, жаттығу залы көзделген. Үлкен спорт залы баскетбол және волейбол ойнау үшін алаңмен, өрмелеу қабырғасымен жабдықталса, кіші залда гимнастика құралдары орналастырылған. Мектеп ауласында жасанды газоны бар футбол алаңы, түрлі алаңдар, теннис корты, балалардың демалыс орындары салынған.

Ақпарат блогы медиатекасы мен 260 орындық оқырман залы бар кітапханадан, 50 мың кітабы бар кітап қоймасынан тұрады. Радиотехника, декорациясы бар акт залы 480 адамға шақталған. Мектепте 100 орындық дәріс залы мен 50 орынға арналған конференц-залы, 300 орындық асхана жұмыс істейтін болады.

Алматы әкімінің айтуынша, қалада келесі жылы тағы бір Назарбаев зияткерлік мектебі бой көтермек. Химия-биология саласына мамандандырылған жаңа мектеп ғимараты Қалқаман ауданында салынуда.

Соңғы жаңалықтар