Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын арнайы комиссия тексереді

2022 жылғы 18 мамыр 12:58

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына арнайы комиссия тексеріс жүргізеді. Бұл туралы агенттік тілшісінің сауалына Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының берген жауабында айтылды.

Ведомствоның мәліметі бойынша Алматы қаласының азық-түлік дүкендері мен базарларындағы, үй жанындағы дүкендерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қоюға рұқсат етілген 15% саудалық үстеме бағаны сақтау мәніне тексеру жүргізіледі.

Көшпелі комиссия құрамына аудан әкімдігінің, Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, Сауда департаменттері, Мемлекеттік кірістер басқармасы, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту басқармасы, қалалық прокуратураның келісімі бойынша Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері кіреді.

Рейдтік іс-шараларға 26 әмбебап базары мен Алматы қаласындағы 3 600 «үй жанындағы» дүкендер қамтылады.

Тексеріс барысында кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 15%-дан асса және рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларын (олардың белгіленген бағасына қарай) көтергендегі жауапкершілік туралы хабарламалар беріледі.

«Егер бұзушылықтар анықталған жағдайда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 204-4 бабына сәйкес, шаралар қабылданатын болады. Атап айтқанда, саудалық үстеме бағаны көтергені үшін кәсіпкерге бірінші жолы ескерту беріледі, бұзушылық қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіштен 300 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (30 630 теңгеден 918 900 теңгеге дейін) мөлшерде айыппұл салынады.

Белгіленген шекті бағаны бірінші рет көтергені үшін 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (306 300 теңге), бұзушылық қайталанған жағдайда, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (612 600 теңге) айыппұл салынады.

Қолданыстағы сауда заңнамасын сақтау мақсатында кәсіпкерлерге баламалы нұсқа – Қазақстан Республикасының ірі дистрибьюторлары мен өндірушілерінен тікелей көтерме баға бойынша бакалея өнімдерінің тікелей жеткізілімі ұсынылатын болады» делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен көмір бағасын қадағалайтын жоба мен биыл азық-түлік тауарларын шығаратын 33 инвестициялық жобаның іске қосылатынын хабарлаған болатынбыз.


Автор:

Думан Арғынгелді

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары